АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадан Қырымды Ресейдің жері деп мойындауды талап етіп отырған жоқ, Бұл туралы Ақ үй мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
"Президент Украинадан Қырымды мойындауды сұрап жатқан жоқ. Оларды бұған ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ол тек бұл қатыгез соғыстың тым ұзаққа созылғанын мойындап, келіссөз үстеліне отыруды сұрап отыр. Жақсы мәміле жасау үшін екі тарап та наразы болуы керек. Өкінішке қарай, президент Зеленский бұл бейбіт келіссөздерді баспасөз арқылы жоққа шығаруға тырысуда. Бұл келіссөздер жабық түрде өтуі тиіс", – деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт.
Оның айтуынша, Дональд Трамп "көңілі қалған, төзімі таусылып келеді". Левитт екі тарап та ымыраға келуге дайын болуы керек екенін айтып, "алайда президент Зеленский дұрыс бағытта емес сияқты" деді.
“Зеленскийге АҚШ-тың бейбіт жоспарымен келісуді Трамп ультимативті түрде талап етті ме” деген сұраққа Левитт: "Күннің соңына дейін емес. Бірақ президенттің көңілі қалып отыр және ол бұл жағдайдың аяқталғанын қалайды", – деп жауап берді.
Бұған дейін Владимир Зеленский Украина атысты тоқтатқаннан кейін Ресеймен "кез келген форматта" келіссөзге дайын екенін мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ саясаткер Киев Қырымның аннексиясын заңды түрде ешқашан мойындамайтынын айтты. АҚШ мемлекеттік хатшысы Зеленский Қырымды Ресейдің жері деп тану мәселесін талқылаудан бас тартқан соң, Лондонда өтетін Украина бойынша келіссөздерге қатысудан бас тартты. Нәтижесінде британ астанасында Ұлыбритания мен Украина қорғаныс және сыртқы істер министрлерінің келіссөздері өтті.