Қазақстан дипломаттары Стамбул маңында болған 6,2 магнитудалы жер сілкінісінен кейінгі жағдайды бақылап, түрік билігімен байланыста отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
«Түркия билігінің мәліметінше, 2025 жылғы 23 сәуірде Стамбул төңірегінде 6,2 магнитудалы жер сілкінісі тіркеліп, оның артынан афтершоктар жалғасуда. ҚР Сыртқы істер министрлігі жағдайдың дамуын Түркия билігімен және Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен үйлестіру арқылы бақылауда ұстап отыр», – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, Қазақстан азаматтарынан Стамбулдағы Бас консулдыққа ешқандай өтініш түспеген.
Қазіргі таңда Стамбулда консулдық есепте 1137 қазақстандық тұр.
«Отандастарымызды сабыр сақтауға, сақтық шараларын сақтауға және жергілікті билік өкілдерінің нұсқауларына қатаң түрде бағынуға шақырамыз», – деді министрлік.
Еске сала кетейік, бүгін Түркияда жергілікті уақытпен 12:49-да Силиври қаласынан оңтүстікке қарай 26 шақырым жерде 6,2 магнитудалы күшті жер сілкінісі тіркелген болатын. Жер сілкінісі Түркияның Төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою басқармасы (AFAD) мәліметіне сәйкес, Стамбул, Текирдаг, Ялова, Бурса және Балыкесир провинцияларында сезілген.
Сондай-ақ, Еуропа-Жерорта теңізі сейсмология орталығының (EMSC) мәліметінше, Мәрмәр теңізі маңындағы 6,2 магнитудалы негізгі зілзаладан кейін бірнеше сағат ішінде магнитудасы 5,0-ден 1,6-ға дейінгі аралықта 20-дан астам афтершок болған.