2025 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Қазақстан орталық Қытайдағы Хунань провинциясында өндірілген рельстік көлікке арналған жабдықтарды импорттауда жетекші елге айналды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы Хунань провинциясының халық үкіметінің ресми сайтында айтылды.
Чанша кеденінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Хунань провинциясынан рельстік көлікке арналған жабдықтардың экспорты 45,3 пайызға артып, жалпы сомасы 340 млн юаньға жеткен. Бұл жабдықтарды ең көп импорттаған елдер қатарында Қазақстан, Германия және Гонконг арнайы әкімшілік ауданы бар. Олардың үлесі сәйкесінше 15,7%, 14% және 11,6% құрады.
Атап айтқанда, Қазақстанға рельстік көлікке арналған жабдықтар экспортының көлемі 52,83 млн юаньға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 505 есе өскен.
Бұл саладағы ірі жеткізушілердің бірі – Хунань провинциясындағы Чжучжоу локомотив жасау компаниясы.
Ол Қытайдың CRRC локомотив жасау корпорациясының құрамына кіреді және электровоздар, қалалық рельстік көлікке арналған вагондар мен жоғары жылдамдықтағы пойыздар шығарады. Қазіргі таңда компанияның ел ішінде және шетелде 34 еншілес кәсіпорны бар.