Ұлттық кітап күні алғаш рет аталып өтуде. Президент қазақстандықтарды құттықтады

966
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 23 сәуір — Ұлттық кітап күнімен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде тапсырма берген еді. Соған сәйкес, биылдан бастап 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді.

"Биыл алғаш рет аталып жатқан Ұлттық кітап күні құтты болсын! Бұл – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады", – делінген Президенттің құттықтауында.

Сондай-ақ, бүгін - Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күні.

Бұл атаулы күн 1996 жылы UNESCO шеңберінде Уильям Шекспир (1564-1616), Мигель де Сервантес (1547-1616) және жазушы-тарихшы Инко Гарсиласоде ла Веганы (1539-1616) еске алу мақсатында бекітілген. Үш жазушы да 1616 жылғы сәуірдің 23-інде өмірден өткен. Қазір осы атаулы мерекеге орайластырып, барлық өркениетті елдерде кітап жәрмеңкелері, көрмелер мен фестивальдар өтеді.

Халықаралық атаулы күннің мақсаты — кітап пен оның авторларына құрмет көрсету ғана емес, халықты ағарту, мәдени дәстүрлер санасын дамыту.

Пікірлер