“Не Молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова (Тәңсәрі) Черногориядан босқын мәртебесін сұраған. Бұл туралы Қазақстанның бас прокуратурасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«15 сәуір күні Черногория соты Смайылованы қамаудан босатты. Бұл шешім оның Черногориядан босқын мәртебесін беру туралы өтінішінің әлі қаралмауына байланысты қабылданған», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Дина Смайылова 2021 жылы Қазақстаннан кетіп қалған. Ішкі істер министрлігі 2023 жылдың соңында Дина Смайылованың үстінен алты қылмыстық іс қозғалғанын, олардың арасында "алаяқтық", "көрінеу жалған ақпарат тарату" мен "жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу" баптары барын мәлімдеген. Прокуратура қор мен Смайылованың есепшоттарын бұғаттаған.
Смайылова үш жылдан аса уақыттан бері отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр. Қазақстан оған халықаралық іздеу жариялаған еді.
Осы айда ол Черногорияда ұсталды. Кейін сол елдің жоғарғы соты Дина Смайылованы Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан.