– Мемлекет басшысының 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен «31 мамыр – Саяси репрессия құрбандарын еске алу күні» болып белгіленгені мәлім. Елімізде саяси репрессия және ашаршылық құрбандарына тағзым етіп, атап өту дәстүрге айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, тарихшы ғалымдардың ғылыми еңбектерінде кезінде сталиндік билік тарапынан қазақ қоғамына жасалынған адам айтқысыз қиянат, зорлық жөнінде жантүршігерлік мәліметтер аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен бұл күрделі тақырып түбегейлі зерттелді деу қиын. Саяси репрессия тақырыбын көп жылдан бері зерттеуші ғалым ретінде осындай жалпыхалықтық қасіретке алып келген себептер жөнінде не айтқан болар едіңіз?
– Қоғамды мұндай терең қасіретке алып келген жағдайлар жөнінде аз жазылған жоқ. Әлі де көп жазылатын болады. Өйткені халықтың өткен XX ғасырдағы сталиндік билік тұсында басынан өткізген трагедиясы әлі есінде және оны ұмытпақ емес. Ондай жалпыхалықтық қасіретті естен шығару қоғамның өзі үшін де қауіпті болар еді. Ұмытылған тәжірибенің қайталануы әбден мүмкін ғой. Сондықтан да болар, мәселен, Ресей және Украина сияқты бұрынғы кеңестік, қазіргі дербес мемлекеттерде саяси қуғын-сүргін тарихы ең өзекті ғылыми-зерттеу тақырыптары санатында. Бұл мәселені арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы зерттеу дәстүрге айналған. Осы мақсатта Ресейдің өзінде, Украинада, Балтық жағалауы сияқты елдерде ғылыми орталықтар құрылған, олардың зерттеу жұмысына батыстық ғалымдар белсенді түрде атсалысуда.
Тақырыпты зерттеуге, әсіресе, батыстық ғалымдардың тартылуы пайдалы әрі нәтижелі болды. Батыстық зерттеушілер бұл мәселені талдау ісіне, біріншіден, тың да жаңа көзқарас, жаңаша зерттеу әдіс-құралдарын ала келді, екіншіден олардың жұмысы зерттеу ісіне тиесілі екпін, қарқын берді.
Кеңестер Одағындағы саяси репрессияның себептері жөнінде де аз айтылған жоқ. Кеңестік ұстанымдағы зерттеушілер кезінде, мәселен, алғашқы социалистік мемлекеттің капиталистік қоршауда қалғандығына, жаңа қоғамдық құрылысқа, ішкі және сыртқы жаулардың қарсылығына баса назар аударды. Бұл ұстанымдағылар қоғам неғұрлым социалистік қатынастардың жеңісіне жақындай түскен сайын, тап жауларының қарсылығы да соған сәйкес күшейе түспек деген сталиндік тұжырымға сүйенді. Яғни мәселені тым саясаттандыруға, идеологияландыруға басымдылық берілді. Мұндай тұжырым билік тарапынан алып империяда жүргізілген саяси репрессияларға теориялық негіз болды.
Қазіргі зерттеулерден ғалымдардың біршама тарихи шындыққа жақындай түскенін аңғару қиынға түспейді. Жаңадан ашылған тарихи құжаттар Кеңестер Одағында 1920-50-ші жылдардағы саяси репрессиялардың басында Сталин құрған пирамидалық биліктің мақсатты түрде жүргізген саяси курсы екендігін, оның алдымен сталиндік басшылықтың ұстанымымен келіспеген елдің саяси басқарушы тобына (элитаға), содан соң экономикалық тұрғыдан үстемдік құрып келген әлеуметтік (буржуазия, бай, кулак, ж.б.) күштерге және патриоттық ұстанымдағы ұлттың белсенді тұлғаларына қарсы бағытталған заңдық негізі күмәнді, шектен асқан зорлық пен қиянатқа толы шаралар болғандығын айғақтап отыр.
Билікті сталиндік басқарушы топтың курсымен келіспеген саяси «элементтерден» (сталиндік емес) «тазарту» шаралары оларды басқа ұстанымдағы, яғни жастау, білімдірек, саяси және идеологиялық тұрғыдан айтқанға көнгіш элитамен ауыстырумен аяқталды. «Әлеуметтік тұрғыдан зиянды» бай-кулактарды жою шаралары қоғамды экономикалық және кәсіпкерлік белсенділігі жоғары тұлғалардан айырды, ал үзіліссіз жүргізілген «ұлтшылдармен» күрес науқандары ұлтсыздануға, ұлттық нигилизмге жол ашты.
ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮРГІЗІЛГЕН САЯСИ РЕПРЕССИЯ САЯСАТЫН АРНАЙЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ӘРІ ТЕРЕҢ ЗЕРТТЕУ ІСІ ӘЛІ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖОҚ
– Қазіргі кезде күрделі тақырып – саяси репрессия мәселесін жүйелі зерттеуге мемлекет тарапынан ынта-ықылас, қолдау бар ма? Қазақстан ауқымындағы жалпы саяси репрессия тарихын қандай кезеңдерге бөлуге болар еді?
– Қазақстанда жүргізілген саяси репрессия саясатын арнайы жан-жақты әрі терең зерттеу ісі әлі қолға алынған жоқ. Бұл үшін жабулы жатқан мұрағаттық қорларды зерттеуші ғалымдардың қолына беру қажет. Сонда ғана, мәселен, ресейлік деңгейдегі зерттеу жұмыстарына қол жеткізе аламыз. Ресейде бұл тақырыпты арнайы мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы талдауға алу жолға қойылған. Мақсатты және бағдарламалық негізге қойылған бұл шаруа өз нәтижесін беруде. Бізде әлі «әліптің артын бағу» ұстанымы басымдылық алып келе жатқан сияқты. Дегенмен қолда бар азын-аулақ құжаттық материалдарға сүйене отырып, елімізде жүрген репрессияның мынадай кезеңдерін бағамдауға болады.
Бірінші кезең (1918-1920 ж.ж.) шамамен революция және азамат соғысы жылдарын қамтиды. Репрессиялық шаралар большевиктер партиясы орнатқан саяси жүйеге қарсы шыққан экономикалық тұрғыдан үстем таптарға, сондай-ақ кеңестік емес, ұлттық негіздегі мемлекеттік құрылымды талап етуші азаттық ұстанымдағы күштерге бағытталды.
Екінші кезең шамамен 1923 жылдан, яғни И.Сталиннің жоғары билікке келген мезгілінен басталып, 1932 жылмен аяқталады. Бұл кезеңде бұдан бұрын да жүргізілген репрессиялық шаралар өз жалғасын тапты. Дегенмен бұл кезеңнің мынадай ерекшеліктері байқалды. Мәселен, бай-кулактарды тап ретінде жою билік тарапынан мақсатты түрде жүргізілген шаралар арқылы осы мезгілде біржола аяқталды. Қазақстанда басталып, Мәскеуде аяқталған екі бірдей сот процестері нәтижесінде сталиндік басшылықтың Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшылары және белсенділерімен «есеп айырысу» ісі аяқталды. Осы жылдары мемлекеттік аппаратта, партия қатарында жүргізілген кадрлық «тазартулар» басқарушы элитаның «жаңа генерациясының» билікке келуін қамтамасыз етті. 1920-шы жылдардың соңы және 1930-шы жылдардың басында жүргізілген сот процестерінде тергеушілер ұлттық саяси элитаның шетелдік эмиграцияға кеткен М.Шоқай және З.У. Тоған сияқты саяси тұлғалармен, басмашылар қозғалысымен өзара байланысын анықтауға көп күш жұмсады. Бұл фактілер империялық орталықтың өзінің ұлт істерінде жүргізіп отырған саясатының әділетсіз екендігін іштей сезінуінің бір көрінісі еді.
Үшінші кезең шамамен 1933 жылдан басталып, 1937-1938 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті. Құжаттық мәліметтер ОГПУ орындарының 1933 жылы Қазақстанда оннан астам «контрреволюциялық ұлттық ұйымдарды» әшкерелеп, жойғандығы жөнінде мәлімет береді. Олардың арасында, мәселен, Алматы және басқа қалалардағы Ы.Мұстамбаев басқарған «Түріктердің халық партиясы» (бұл іс бойынша 12 адам сотталған), Оңтүстік Қазақстан облысы Қармақшы ауданындағы (қазіргі Қызылорда облысындағы) «Қызыл кедей» ауылында 53 адамнан тұрған (бұл іс бойынша бес адам атылып, 48-і сотталған), «Қарағандыкөмір» тресіндегі 12 адамнан тұрған Н.Кодаленко бастаған (бәрі де сотталған), Оңтүстік Қазақстан облысы Әулие Ата ауданында 21 адамнан тұрған (бәрі де түрлі мерзімге сотталған) және басқа халық шаруашылығына «қаскүнемдік» жасаушы топтар бар-тын. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, бұл «контрреволюциялық» ұлттық ұйымдар есебінде «әшкереленген» топтардың қалыптасу барысын, бағыт-бағдарын (жарғы, бағдарлама), нақты қызметін айғақтайтын құжаттық материалдар, әрине, мүлдем жоқ-тын. Тергеу ісінде қатталған материалдар, негізінен, тұтқынға алу ордерлерінен, тергеу хаттамаларынан, айыптау қорытындыларынан, сондай-ақ тұтқындардың арыз-тілектерінен құралған. Басқаша айтқанда, тергеу істерінде саяси тұтқындарды айыптауға негіз боларлық «дәлел материалдар» тергеу барысында оларға жасалған адам жаны төзгісіз түрлі қиянаттардан соң алынған «көрсетулер» ғана еді. Сондай-ақ бұл «көрсетулер» алғашқы тергеуде емес, тұтқындардың абақты камерасында айлап-жылдап көрген түрлі зорлық-зомбылығынан соң алынған «фактісымақтар» болатын. Сонымен бірге үшінші кезеңге тән мынадай бір ерекшелікті айта кеткен жөн. Егер екінші кезеңде тергеушілер қоғамнан социалистік құрылысқа қарсы зиянкестік әрекеттерді жүргізуші «элементтерді» неғұрлым көбірек тауып, өздеріне жүктелген жоспарды асыра орындауға тырысса, ендігі уақытта тұтқындардың арасынан шетелдік, негізінен, Германия мен Жапония сияқты мемлекеттердің кеңестік қоғамдағы «агенттерін» көбірек табуға күш салды. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыс жақындап келе жатты. Кеңестік бақылау орындары қазақ сияқты ұлттарға капиталистік мемлекеттердің «агенттер» жасақтайтын базасы есебінде қарады. Бұл да метраполиялық орталықтарға тән мінез-тін. Аз халықтарға жасаған қиянаты оларға еш уақытта ішкі тыныштық пен сенімділік берген емес.
Төртінші кезең соғыстан кейінгі мезгілге, яғни 1940-шы жылдардың соңы, 1950-ші жылдардың басына тән. Бұл жылдары саяси репрессия құрбаны болған саяси элита немесе халық шаруашылығына зиянкестік пиғылдағы «элементтер» емес, соғыс жылдары белсенді шығармашылық қызметі арқылы патриоттық ұстанымын ашық білдірген ғалымдар мен ақын-жазушылар еді (Е. Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Е.Исмайылов, Ш.Әбенов ж.б.). Кеңестік билік жүргізген саяси репрессиялар барысында қиянатты тек жеке тұлғалар ғана көрген жоқ, сонымен бірге әділетсіздік оғы ресми идеология ұстанымына қайшы келетін идеяларға да жұмсалды. 1943 жылы мәскеулік және жергілікті ғалымдар мен жазушылардың ортақ еңбегі «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» атты кітабы жарық көрді. Кітапта патшалық биліктің Қазақстанды отарлау және қазақ қоғамын орыстандыру саясаты тиянақты түрде талдауға алынып, бұл әрекетке жауап ретінде көрінген қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресіне, түрлі аймақтарда жүрген азаматтық қарсылыққа жеке тараулар арналды. Ұлттық қоғамдық ойдағы «Зар заман» ағымына тиесілі көңіл аударылды. Осының бәрі Мәскеудегі ұлыдержавалық ұстанымдағы ортада «бұл қазақ деген қандай «таңдаулы халық» (избранный богом народ) еді» деген пікір тудырды. Кітап тез арада айналымнан алынып тасталынды.
Саяси репрессияның кезеңдері жөнінде айтқанда, әрине, оның 1985-1991 ж.ж. жүргізілген соңғы кезеңін атамау әділетсіздік болар еді. Бұл кезеңде орталық билік өзінің бастапқы жолына қайта оралды, яғни 1980-ші жылдары бой көтерген қазақ «ұлтшылдығы» үшін кінәні тағы да Д.А. Қонаев басында тұрған саяси басқарушы топқа артуға даяр екендігін көрсетті. «Қазақ ісі» («Казахское дело») деген атпен жүрген сот процестері соның көрінісі еді. Нағыз репрессиялық шаралар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатынасқан қазақ жастарына да байланысты жүргізілді. Желтоқсан көтерілісі кеңестік биліктің терең жүйелік дағдарыста екендігін анық көрсетумен бірге, перманентті репрессиялық шараларсыз бұл биліктің өмір сүре алмайтындығын да байқатты.
ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ, ҚОҒАМДЫ, БИЛІКТІ ТӘРБИЕЛЕЙДІ
– Өзге мемлекеттер саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын егжей-тегжейлі зерттеп, том-том еңбектер жариялап үлгерді. Ресейдің өзінде қуғын- сүргін тарихын зерттеу ісі 20-30 жылдан бері іргелі де мақсатты зерттеу обьектісіне айналған. «РОССПЭН» және «Алгоритм» сияқты баспа орындары том-томдап кітаптар шығарудан танбай келеді. Репрессия тарихына қатысты әртүрлі ұстанымдағы пікірлерге толық мүмкіндік беріліп қана қоймай, көп елдер батыл түрде мемлекеттік ұстанымын білдіріп, саяси баға беріп, айыптап жатыр. Бізде репрессия мәселесін жүйелі түрде зерттеу үшін не істеу керек?
– Өте орынды сұрақ. Тарихи шындық жеке тұлғаны, қоғамды, билікті тәрбиелейді. Шындық айтылмаса, түрлі әділетсіздіктерге жол ашылады. Ресей қоғамы осы ойды түсінгендіктен репрессия туралы шындықтың айтылғанын қалап отыр. Біздің де осы ұстанымда болғанымыз жөн.
Репрессия туралы шындық, біріншіден, қоғамдық және ұлттық сананы бүгінгі мемлекеттік дербес өркендеуімізге сәйкестендіру үшін (модернизация) қажет. Қоғам, әсіресе, жас ұрпақ біздің қандай терең рухани дағдарыс және құлдыраудан шығу жолында тұрғанымызды дұрыс түсінуге тиіс. ХХ ғасырдың басында жаңғыру, өсіп-өну жолына түскен қазақ ұлты қандай себептерге байланысты жантүршігерлік трагедияларды басынан кешірді. Алғашқы және екінші буын ұлттық басқарушы топтың және шығармашылықтағы зиялылардың түгелдей дерлік репрессия құрбаны болғаны, солармен бірге ұлттық идеяның да қуғын-сүргінге ұшырап, жеңіліс табуы, бұл – жеңіл-желпі нәрсе емес. Меніңше, ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін, аштық және басқа жалпыұлттық трагедияны айғақтайтын тақырыптар арнайы мемлекеттік тапсырыс негізінде іргелі зерттеу объектісіне айналуға тиіс. Мемлекеттік-қоғамдық бағдарлама негізінде жұмыс жасайтын арнайы орталық немесе ғылыми топ құрылып, ол топ Парламент алдында есеп берсе, біраз шаруа атқарылған болар еді. Ондай күнді өз басым армандаймын. Осы деңгейде жүргізілген жұмыс өткен аға ұрпақтар алдында берген есебіміз де болар еді. Ал әзірге осы мазмұнда жасалған әрекеттерден көңілге қонымды нәтиже шықпай тұр.
– Жалпы, тарих ғылымында осы күрделі тақырыпты зерттеуде қандай да бір кедергілер бар ма? ҰҚК мұрағаттарындағы шаң басқан құпия құжаттарға қол жеткізу қиындық туғызып отырған жоқ па?
– Мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы атынан, міне, бірнеше жылдан бері еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының атына хат жазып, Алаш қозғалысы қайраткерлері мен белсенділері үстінен жүргізілген сот процестері материалдарын көптомдық түрінде даярлау үшін осы мекеменің мұрағат қорларындағы құжаттық материалдардың көшірмесін алуға рұқсат сұрап келемін. Шынын айту керек, комитет басшылығы мұрағат материалдарымен жұмыс істеуге рұқсат берді. Ол үшін рақмет! Дегенмен көптомдыққа енуге тиіс материалдардың бәрін қолмен көшіріп отыруға біраз уақыт және күш керек. Бір-екі адам ол шаруаны атқара алмайды. Ал мұрағат қызметкерлері жоғарғы басшылықтан рұқсаттың жоқтығын айтып, құжаттардың көшірмесін бермейді.
Осы ретте мынадай жағдайды айтуға тиістімін. Біз сұрап отырған мазмұндағы материалдарды Ресей зерттеушілері баяғыда-ақ жариялап қойған. Толық заңдық негізде. Ондай заңдық актілер біздің елде де қабылданған. Мәселен, Закон Республики Казахстан «О государственных секретах». Алматы, 2009. 24 с. Өкінішке қарай, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі мұрағат қорларына жауапты басшылар қабылданған заңдық актілерге назар аударатын емес.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Үкіметтің 2009 жылғы 16 ақпанда (№ 158 қаулысымен) бекіткен іс-шаралар жоспарында «Алаш қозғалысы: алаштықтарға жасалған сот процестерінің материалдар жинағы» (3-том) және «Қазақстандағы 1920–1950 жылдардағы саяси репрессиялар» (3-том) атты көптомдықты даярлап, баспадан шығару белгіленген. Осы көптомдық екінші жылы тендерге шығарылып келеді. Бір қызығы сол, бұл кітаптарды баспадан шығаруға қаржы бөлінеді де, ал оларды мұрағаттан тауып, ғылыми басылым ретінде даярлау (табылған құжаттарды оқу және сұрыптаудан өткізу, компьютерлік мәтінін даярлау, ғылыми-анықтамалық аппаратын жазу, т.б.) ісіне жұмсалатын қаржы қарастырылмайды.
Япыр-ау, әуелде кітаптарды даярлап алу, яғни ғалымдардың жұмысын қаржыландыру қажет емес пе?
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында республикалық «Әділет тарихи-ағарту қоғамының» және «Қазақстан тарихшылары қауымдастығының» ұйымдастыруымен «Қазақстандағы сталинизм» тақырыбында ғылыми конференция болып өтті. Осы сияқты бірлі-жарым ғылыми жиындар өткізу арқылы мұндай ауқымды мәселені еңсеру, әрине, мүмкін емес.
Міне, осы келтірілген фактілер біздің саяси репрессия тарихына қатысты көптомдық құжаттық материалдар даярлаудан, сондай-ақ іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізу ісінен алыс тұрғандығымызды байқатса керек.
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ…
Біз бір нәрсені анық түсінгеніміз жөн. Саяси репрессия тарихы – бұл жас ұрпақты отансүйгіштік, мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуге тікелей қатысы бар тақырып. Кезінде, яғни 1941 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде «История Казахской ССР» кітабының мазмұнын талқылауға түскенде мәжіліске қатысқан ағаларымыздың бірі «Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс» тақырыбын енгізбеу туралы ұсыныс айтты, сонда М.Әуезов «егер бұл кітапқа Кене хан көтерілісі енбейтін болса, ондай тарихтың кімге керегі бар?» деп қарсы сұрау қойып, бұл тақырыпты қорғап қалған екен. Сол сияқты Алаш туралы тарихи шындықты халыққа бермесек, енді қашан бермекпіз, оны қазіргі буын тарихшылары біз айтпасақ, кім айтады? Әрбір буынның өзінің айтар сөзі, көтеретін жүгі болмақ. Өзіміз бүгін орындайтын міндетті ертеңге қалдырмайық. Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатқа жауапты азаматтарын осы жағдайға бет бұруға шақырамын. Ұлы Абайдың: «Бір жанға екі өлмек әділет пе?» деген сөзі бар.
Құбаш Сағидоллаұлы, «Алаш айнасы».