Теңіз кен орнында «Кәсіби таңдау» ЖШС қойма қызметкерлері жалақыны 50%-ға көтеруді талап етіп, наразылыққа шықты. Бұл туралы жергілікті «АқЖайық» басылымы жазды, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы.
Басылымның жазуынша, бастаманы көлік департаментінің қызметкерлері қолдап, өз кезегінде еңбекақыларын 100%-ға өсіруді сұрады.
17 сәуірде қызметкерлер ТШО бас директоры Уильям Лакоби, COCR жетекшісі Аджай Майк және «Кәсіби таңдау» ЖШС басшысы Айнұр Смитке жазбаша өтініш жолдаған. Олар инфляция мен күнкөрістің қиындағаны алғка тартып, қазіргі жалақы тұрмысқа жеткіліксіз екенін атап өткен. Сондай-ақ, еңбекақыны арттыру еңбек өнімділігіне оң әсер ететінін де мәлімдеген. Қызметкерлер үш күн ішінде ресми жауап беруді сұрады.
Ал 21 сәуір күні жұмысшылар өз талаптарын бейнеүндеу арқылы қайталап, адал әрі тұрақты еңбек етіп жүргендерін айтып, жалақыны 50%-ға көтеруді сұрады. Сонымен қатар, олар талап қойғандары үшін қудалауға ұшырамауды өтінген.
«Кәсіби таңдау» ЖШС — Caspian Offshore Construction Realty (COCR) компаниясының мердігері, ал COCR өз кезегінде — ТШО-ның (Теңізшевройл) мердігері.
Атырау қаласында тіркелген компания 2021 жылы ашылған. Негізігі қызметі – еңбек ресурсымен (қызметкер таңдау) қамтамасыз ету. Құрылтайшысы – Комлева Елена.
Қазіргі таңда өндіріс тоқтатылмаған. Еңбек инспекциясы Теңіз кен орнында келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады. Аудан әкімінің орынбасары, аудан прокуроры және мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы жағдайды бақылауға алып, оқиға орнына барған.