Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстандағы ең үздік әкімдерді атады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ulysmedia-ға сілтеп.
Ұлысмедиа мәліметінше, депутат:
«Менің ойымша, ең үздік әкім – Алматы қаласының әкімі. Себебі соңғы бес жылда қаланың бюджеті екі есе артты. Бұл – кәсіпкерлер саны көбейгенінің белгісі. Білгенімше, Қызылорда облысында да жақсы көрсеткіштер бар. Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда даму қарқыны жаман емес, бірақ энергетикалық қуат жетіспейді. Сол себепті қазір кейбір кәсіпкерлер басқа жаққа кетіп жатыр. Ал Астана бойынша көрсеткіштер жаман емес», – дейді Сарым.
Ал кейіннен БАҚ-та жарияланған мәліметте бұл пікір Алматы қаласындағы құрылыс қарқыны мен қаланың келбетінің өзгеруіне байланысты тұрғындардың сын-пікірлері көбейген тұста айтылды.
Ұлысмедиа аналитик Расул Рысмамбетовтың да сөзін жариялаған. Ол Алматыны Ауғанстан астанасы Кабулмен салыстырып көрсеткен. Аналитик сөзінше, Ауғанстанға алпауыт елдер шабуыл жасаса, оңтүстік астанаға қолдан шабуылдар жасалуда.
“Ал Алматыға – әкімдер мен жемқор ағалар ғана шабуылдайды. Олар Әл-Фараби даңғылының жоғары жағында құрылыс салғысы келеді”, – деп жазды ол.