Қатар Әмірі Мәскеуге ресми сапармен келді

946
Adyrna.kz Telegram

17 сәуірде Қатар Әмірі шейх Тамим бин Хамад әл-Тани Мәскеуге ресми сапармен келді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сапар аясында Қатар басшысы Ресей президенті Владимир Путинмен Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық және энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.

Кремль бұл сапарға ерекше мән беріп отыр. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, екі ел басшылары "бірқатар күрделі халықаралық және екіжақты мәселелер бойынша салмақты әрі мазмұнды әңгіме өткізеді". Сондай-ақ бірнеше маңызды келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.

Қатар бұған дейін Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуге талпынып, әсіресе соғыс салдарынан ажырап қалған балаларды қайтару бойынша делдалдық рөл атқарған. Бұл жолы да Қатар тарапы қақтығысты тоқтату мақсатында бейбіт келіссөздерді алға жылжытуға мүдделі екенін білдіріп отыр.

Қатар сыртқы істер министрі Мұхаммед әл-Хулайфи ТАСС агенттігіне берген сұхбатында кездесуде Украинадан бөлек Сирия мен Газа секторы мәселелері де қаралатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, энергетика саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде сұйытылған табиғи газ (СПГ) саудасы мен инфрақұрылымы бойынша бірлескен жобалар талқыланады.

Айта кету керек, бұл кездесу әлемдік геосаяси шиеленіс аясында өтіп жатыр. АҚШ бұрынғы президенті Дональд Трамп та Украинадағы қантөгісті тоқтатуға қатысты өз жоспарын бірнеше рет ұсынғанымен, нақты нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Мәскеу жағы бұл мәселені шешу оңай болмайтынын және әскери-саяси шешімдер ұзақ уақытты талап ететінін айтып келеді.

Пікірлер