Қазақстанда инфляция қарқыны артып келеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылғы наурызда елдегі жылдық инфляция деңгейі 10%-ға жеткен, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Елдің 20 өңірінің 16-сында инфляция үдей түскен. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында тіркелді — 13,3%. Азық-түлік бағасы бір айда 1,1%-ға өсіп, жылдық көрсеткіш 6,5%-дан 7,6%-ға дейін көтерілген. Әсіресе, Ақмола облысында жағдай күрделі — мұнда азық-түлік бағасы бір жылда 10,6%-ға қымбаттаған.
Ақылы қызметтер бойынша бір айдағы өсім небәрі 0,2% болса да, жылдық инфляция 14,3%-ға жеткен. Батыс Қазақстан облысында қызмет құнының өсуі 19,1%-ды көрсетіп, ел бойынша ең жоғары деңгейде тұр.
Жалпы алғанда, елімізде 2025 жылғы наурызда айлық инфляция 1,3%-ды құрады. Сарапшылар жыл соңына дейін инфляция деңгейі 10,6%-ға дейін жетуі мүмкін екенін болжап отыр.