Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде Семей қаласындағы мектептерде "теракт жасалады" деген жалған хабарламалар тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл ақпаратты Абай облысының полиция департаменті ресми түрде жоққа шығарды.
Қауіп төндіретін хабарламалар «Конец Семей» атауымен ашылған телеграм-арнада жарияланған. Аноним авторлар қала мектептерінде теракт ұйымдастыруға ниетті екенін жазған. Кейін бұл арна жойылды.
Абай облысы полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады:
«Аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және халық арасында үрей тудыру мақсатында таратылған. Полиция департаменті азаматтарды сабыр сақтауға, арандатушылыққа ермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады», – делінген хабарламада.
Дегенмен, Семей қаласындағы барлық мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында мектептерде полиция қызметкерлері кезекшілік етуде.
Сонымен қатар, полиция департаменті жалған ақпарат тарату заң бойынша қатаң жауапкершілікке әкелетінін еске салды.