Бүгін - Қозы Көрпеш мен Баян сұлу күні. Қазақстанда 2011 жылдан бастап сәуір айының 15-і Ұлттық ғашықтар күні ретінде аталып өтеді.
Бұл күнді атап өту туралы бастама 1999 жылы көтерілген болатын. Осы мереке ХIV-XV ғасырлардағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу махаббатының символы ретінде аталады.
Ал тарихқа үңілсек, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу – қазақ халқының XIII-XIV ғасырдағы лиро-эпикалық поэмасының кейіпкерлері. Бұл жырда қос ғашықтың бір-біріне деген кіршіксіз махаббаты, еріксіз айырылысуы және трагедиялық тағдыры баяндалады. Қозының ерте шетін тапқаны, Баянның оны күте жүріп, өз өмірін де құрбан етуі – бұл жырдың эмоционалдық қуатын арттырады. Шығармада тек махаббат қана емес, әлеуметтік теңсіздік, қыз бостандығы, адамгершілік сынды тақырыптар да қозғалады.
Жырдың ондаған нұсқасы бар. Ол тек қазақ жерінде ғана емес, татар, башқұрт, ноғай халықтарының ауыз әдебиетінде де кездеседі. Бұл – жырдың кең таралғанын және оның терең мағыналық мазмұнын көрсетеді.