Қазақ авторлық қоғамы 400-ден астам әнші мен автор өз қаламақысын әлі алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Қазақстан авторлық қоғамының» (KazAK) бас директоры Айнұр Есендікованың айтуынша, 400-ден астам композитор мен орындаушы, оның ішінде танымал жұлдыздар да бар, әлі күнге . дейін өз туындылары үшін қаламақы ала алмай жүр. Бұған негізгі себеп – авторлармен байланыс орнатудың қиындығы.
“Авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңға сәйкес, біз авторлар мен құқық иелерін өз бетімізше іздеуге міндеттіміз. Осыған орай, біздің сайтта арнайы ресми тізім жарияланған. Бұл – заңның талабы”, – деді Есендікова брифингте.
Оның айтуынша, қоғам қызметкерлері авторлармен байланыс орнату үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатыр: мессенджерлер, Instagram, Telegram, WhatsApp арқылы хабарласады, телефон шалады. Бірақ жауап алу әрдайым мүмкін емес.
“Кейбір әншілер байланысқа шығады. Бірақ көбінің атынан сөйлейтін менеджерлері мен продюсерлері бар, олар кейде бізді алаяқтар деп ойлап, жауап бермейді. Бұл жалпы үдерісті тежейді”, – дейді Есендікова.
Осы ретте ол барлық құқық иелеріне үндеу жасады:
“Егер бізден хабарлама келсе – міндетті түрде жауап беріңіздер. Біз сіздердің ақшаларыңызды қайтарғымыз келеді. Бұл – сіздің заңды табысыңыз”, – деп түйіндеді ол.
KazAK “іздеудегі” әртістердің тізімін жариялады. Тізімде байланыс мәліметтері ашық түрде қолжетімді өнерпаздардың да болуы. 2024 жылы жарияланған бұл тізімде Димаш Құдайберген, Әлі Оқапов, Иманбек, Darkhan Juzz, Қайрат Нұртас, Raim & Artur, Rin’Go, Sadraddin, Say Mo, Son Pascal, M’Dee, V$XV PRiNCE, Ғалымжан Молданазар және басқа да көптеген авторлар көрсетілген. Тізімде шетелдік әншілер де бар.