«НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Черногорияда ұсталды. Бұл туралы белсендінің өзі желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Мені Подгорица полиция бөліміне әкелді. Ертең экстрадициялау бойынша сот отырысы өтеді. Бұл соттың не шешетінін білмеймін. Оның нақты жауабы ертең белгілі болады. Мені не себепті қамауға алғандарынан бейхабармын. Достар, қолдауларыңызды сұраймын»,—деді ол.
Белсенді Астана уақыты бойынша сағат 18:00 шамасында қамауға алынған. Әзірге Қазақстан билігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қорғаумен айналысып танылған Дина Таңсәрі 2021 жылдан бері шетелде тұрады. Бұған дейін ол өзінің атынан бір жылда 20-дан аса қылмыстық іс қозғалып, қайта жабылғанын мәлімдеді.