Атырау қаласының №2 соты заңсыз бекіре балығы мен уылдырық сақтаған тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарап, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылғы 17 тамызда Атырау қаласы тұрғынының үйіне тінту жүргізу барысында шамамен 90 келі бекіре балығы мен 146 грамм бекіре уылдырығы табылып, тәркіленген.
Сотта айыпталушының кінәсі тінту хаттамасы, сот-биологиялық және сот-тауар сараптамаларының қорытындылары арқылы дәлелденді. Айыптаушы тарап айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраса, сотталушы мен оның қорғаушылары керісінше – ақтауды талап еткен.
Сот үкіміне сәйкес, ҚР ҚК 339-бабымен ("Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлармен заңсыз айналысу") кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған 5 жыл бойы аталған салада қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Алайда сот ҚР ҚК 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталушының 14 жасқа толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімін 3 жылға кейінге қалдырды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.