Ұлттық өнердің өрісін тарылтып отырған не?

2016
Adyrna.kz Telegram

Ұлтты ұлт ететін оның ұлттық құндылықтары, әсіресе дәстүрлі өнері екендігі бесенеден белгілі. Өгей баланың күйін кешіп, басағадан сығалаған сол қазақтың төл музыкасын «әлемге мойындатамыз» деп тыраштанудан бұрын өзіміздің қарадомалақтардың көкірек көзіне жақсылап сіңіріп алсақ та, зор абырой болар еді. Дерттің сырқатын анықтамай жатып, ем жүргізу мүмкін емес. Сол сияқты  «бүгінгі таңда ұлттық өнердің өрісін тарылтып отырған не?» деген сауалды төтесінен қойып, соған жауап іздеп көрелік...

Ең әуелі ұлттық өнерді дамытудың механизмдері дұрыс ұйымдастырылмай отырғанын атап өткен жөн. Кезінде руха­ният саласына жан бітірген Темірбек Жүргенов, Өзбе­кәлі Жәнібеков, Ілияс Омаров, Шер­хан Мұртаза сынды істің тетігін таба білетін қазаққа шын жанашыр ұйымдасты­рушыларға әлі күнге зәруміз. Телеарналарда қазақ өнеріне арналған салиқалы дүниелер жалаң көңіл көтеруге негізделген жеңіл-желпі бағдарламалардың тасасында қалып жатқаны да жасырын емес. Прайм-тайм уақытта түрік, корей телехикаялары беріліп, ұлттық музыкаға арналған бірен-саран бағдарламалардың ел жұмыста жүретін ыңғайсыз кезге қойылуы  жазылмаған заңға айналып барады. Бәріне бірдей топырақ шашуға да болмас, Серік Қалиев, Серік Әбікенұлындай іскер азамат­тар басқаратын «Мәдениет», «Алматы» телеарналары ел-жұрттың көкейіндегіні дөп басып, мәдениеттің мәйегін ғана халыққа ұсынуды мақсат тұтқаны қуантады. Жыл сайын мемлекеттен «өнерді дамыту үшін» деп бөлінетін қаржы, керісінше, «өнерді өшіру үшін» жұмсалып кетіп отырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қой терісін жамылған қасқыр тәрізді «қазақ өнері» деген атты иемденген фонограм­мамен «мал тапқыш­тар­ға» елдегі мәдени шаралар мен телебағ­дарламалар айқара есік ашса, қазақтың ұлттық өнерін өміріне серік еткендерді «ескінің қалдығы» деп мұрын шүйірушілік пиғылдан арылмадық. Есесіне, жастарды «апиын музыкамен» еліртіп тастап, «рухани ауру» еткенімізге мәзбіз. Кезінде Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырайлар, домбырадан сырлы саз төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сү­гір­лерді тыңдайтын құлақ бар еді. Талғамы жоғары, өнерпаз халықтың ішінен суыры­лып шығу үшін үлкен өнердің иесі болу керек еді. Бүгінде барынша дыбыс күшейт­кішпен дүрсілдеп шықпаған әуенге құлақ та сал­май­тын «саңырау» тыңдарман­дар легі қалыптасуда. Концерттерге жиі шақырыл­майтын, халықпен қарым-қаты­насы бұйығы сипатқа түскен дәстүрлі әншілер мен күйшілер жан бағу үшін басқа кәсіппен амалдай тұруға мәжбүр. Осылай­ша «қара­йып қалған» өнерпаздарға анда-санда сахнаға шыққан сәтінде «елді өзіне қарата алмады, жалықтырып жіберді» деп кінә артушылар кездеседі. Жас әншілер мен күйшілерде елді баурап алатын әртістік қабілет, өнердің арғы-бергі тарихынан хабардар болу, сахнада арқаланып, асқақ­тай түсетін рухтылық жағы кемшін соғатынын мойындамасқа лажың қайсы? Ашығын айтсақ, оларға толыққанды өнер­мен айналысуға жағдай жасалып отыр ма?

Дегенмен осы күні шылқып отырған кім бар? Саф өнердің қадір-қасиетін ұғынды­рып, елді дүр сілкіндіретін өнерпаздар да жоқ емес. Бірақ аз. Олардың өзі елеусіз-ескерусіз қалуда. Тіпті кейбіреулері ауыл-аймақта «тас бүркеніп» жатыр.

Мысалы, Әбдімомын Желдібаев, Кәлек Құмақайұлы тәрізді өнер иелерінің іздеу-сұрауы жоқ. Қазақтың көптеген ұлттық аспабын «қайта тірілткен» Болат Сарыбаев, Омар Хаймул­диндей ғалымдарды еске алатындар да некен-саяқ. Одан кейінгі қазақ өнерінің алға басуына қазақ зиялы қауымында, оның ішінде ұлттық өнер жанашырларында бүтін бірліктің жоқтығы әсер етуде. Қазақтың бетке шығар қаймақтары, оның ішінде мәдениет қайраткерлері шетелдің шылауында кетіп бара жатқан өз ұрпақ­тары­ның тағдырын шын ойласа, бірігіп жоғары жаққа ашық хат жазса да, осы уақытқа дейін, әйтеуір, бір әрекет етер еді ғой. Концерттерге азын-аулақ демеушілік көрсететін шағын кәсіпкерлер болмаса, кешенді түрде қазақ классикалық ән мен күй өнерін көтеріп жіберердей кешенді түрде бел шеше кіріскен меценат та табылмай тұр. Өйткені кәсіпкерлер мен ұлттық компаниялардың басындағылардың көбі орыстілді. Ондайларға Жаяу Мұса­ның кешін өткізгенше, жалаңбұт шетелдік әншілерді сахнамызда ойқастатып, ақша шашқан мың есе артық.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:

– Еліміздегі ақпарат құралдарының басым бөлігі ұлттық мәдениетке мұрын шүйіріп қарайды. Қазақтың ән мен күйі, жыры заң жүзінде қорғалмаған. Әлі күнге ұлттық өнердің өз статусы жоқ. Ешқандай мемлекет қамқорлығында емес. Сол себепті бүкіл жекеменшік теле-радиолар ойына келгенін істейді. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарында 50 пайыз болса да қазақтың ұлттық музыкасы насихатталуы керек. Қазақ тілінің 50 пайыздық деңгейін орындайтындары да шамалы. Жекеменшік радиолар түнде қазақ тілінде тобырлық музыка ойнатады. Бүгінге дейін фонограмма туралы заң қабылданбай келеді. Жасанды дыбысқа үйреніп қалған ел домбыраны тосырқайтынды шығарды. Өзге ұлт өкілдерінің музыкасын береміз де, өзімізді кейінге ысырып тастаймыз. Жалпақшешейлік өз түбімізге жетеді. Ән деуге тұрмайтын арзан дүниелер неліктен күні-түні насихатталады? Мұндай әндер нендей жолмен эфирге шығатыны күмәнді. Соны тексеру керек. Қатал заңдар негізінде талаптар қойылуы қажет. Ұлттық өнердің дәрежесін көтеретін заң қабылдануы тиіс.


Арман Әубәкір.

Пікірлер