Маңғыстау облысында 17 жастағы Сағындық Қуанышбековтің жұмбақ жағдайда қаза тапқан, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Lada.kz-ке сілтеп.
Марқұмның туыстары бұл оқиғаны жай ғана жазатайым жағдай емес, қасақана жасалған қылмыс деп есептейді.
Оқиға 8 сәуір күні болған. Сол кеште Сағындық үйінен шығып кеткен. Түнгі сағат 23:00-23:30 шамасында оның достары баланың денесін үйге әкеліп тастаған. Олар Сағындықтың жай ғана құлап қалғанын айтқан. Алайда денесінде соққы іздері болғанын байқаған туыстары бірден күмәнданған.
Марқұмның туысы, заңгер Ажар Абдил бұл жайтты Facebook парақшасында жариялап, Маңғыстау облыстық полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Оның айтуынша, Сағындық сол кеште достарымен жүрген. Ал достары кейінірек ауылдағы үлкен балалар тарапынан қысым болғанын мойындаған. Олар жасөспірімдерді қатарға тұрғызып, ұрғанын, Сағындықтың соққыдан кейін құлап, есінен танғанын айтқан.
Марқұмның туысы Сәкен Қуанышбековтің сөзінше, дене Ақтаудағы мәйітханаға жіберілген. Сот-медициналық сараптама өлімнің күш қолданудан болуы мүмкін екенін көрсеткен. Бірақ ресми қорытынды әлі жарияланған жоқ.
«Бұл – зорлық-зомбылықпен келген өлім. Оны қатты ұрған. Достарының телефондарынан барлық жазбалар мен хаттар өшірілген. Тек менің бауырымның телефонын аша алмаған, онда бәрі сақталған. Сараптама нәтижесін күтіп отырмыз», – дейді Сәкен.
Қаза тапқан баланың жақындары Сағындықтың өлімін зорлық-зомбылықпен келген өлім ретінде тануды талап етіп отыр. Олар барлық күдіктілердің қамауға алынып, тергеу әділ жүргізілуі қажет екенін айтып, қоғамнан қолдау сұрайды.