Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының құрылысы белсенді түрде жалғасуда. Премьер-министр Олжас Бектеновке жобаның қазіргі жай-күйі 112-станса алаңында таныстырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Үкіметтің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша эстакада, аспалы көпір мен барлық стансалардың темірбетон конструкциялары толық аяқталған. Жобаның қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында Астанада арнайы шпал өндірісі іске қосылып, бүгінде 35 мыңнан астам шпал дайындалды. Жалпы жоба бойынша 87,6 мың шпал қажет.
“Біз Б-55 маркалы бетон мен алдын ала кернелген арматура технологиясын қолданамыз. Бұл құрылымдардың мықтылығын арттырып, аязға төзімділігін күшейтеді”, – делінген үкімет хабарламасында.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында рельстер төселіп, ұзындығы 2 шақырым болатын учаскеде және оптикалық талшықты желіде жұмыс аяқталған. Жобада қазір 2 мыңға жуық адам еңбек етуде, ал жаз айларында бұл сан 5 мың маманға дейін жеткізіледі.
“CTS” компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, биыл қыркүйек айында LRT желісінде жолаушысыз сынақ пойыздары іске қосылады. Жоба халықаралық GoA4 стандартына сай жүзеге асырылуда, бұл 6 айлық тестілеу мерзімін қажет етеді.
Сапар барысында Премьер-министр LRT бойындағы абаттандыру жоспарымен де танысты. Жоба аясында әуежай мен Рысқұлов көшесіне дейін ірі ағаштар мен бұталар отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылады. Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесіне дейінгі аймақта балалар және спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары салынады. 2-теміржол вокзалы бағытында автотұрақтар, веложолдар және көгалдандыру жүргізіледі.