Тараз қаласында екпе салу қызметін көрсеткен ем-шара кабинетіне барған екі ер адам анафилактикалық шоктан көз жұмды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
29 жастағы Исламбек есімді азамат жолсерік болып жұмыс істейді. Ол сапарға шығар алдында тамағын емдетпек болып, ем-шара кабинетіне барған. Бірақ дәрігердің нұсқаулығы болмаған. Соған қарамастан, сынама жасалмай, антибиотик бірден егілген. Науқас дәріге төзімсіздік танытып, есінен танып қалған. Алайда алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген.
«Балам 15 минут бойы жан тапсырмай арпалысты. Бірақ көмек көрсетілмеді. Адреналин де болмаған. Алғашқы көмекке қажетті дәрі-дәрмек мүлде болмаған», – дейді марқұмның әкесі Темірхан Үсенов.
Марқұмға екпе салған мейірбикенің де арнайы рұқсат құжаты болмағаны анықталды. Ем-шара бөлмесінің иесі өз кінәсін мойындамай, жедел жәрдемді кешіккені үшін кінәлады.
Осы оқиғадан бес күн өткен соң дәл осындай жағдай тағы бір емдеу орталығында қайталанды. 50 жастағы Ерлан Атабеков те антибиотик салдырған соң анафилактикалық шоктан қаза тапты. Марқұмның жұбайы Мөлдір Мекемтастың айтуынша, сынама екпе қолына емес, бірден жамбасына салынған. Жедел жәрдем келгенше күйеуі көз жұмған.
«Күйеуімді тірідей алып келіп, өлі денесін алып шықтым. Қазір екі баламен жесір қалдым», – дейді марқұмның жары.
Жамбыл облыстық медициналық қызмет және фармацевтиканы бақылау департаменті аталған емдеу орындарының екпе салуға лицензиясы болмағанын растады. Қазір қаладағы барлық процедуралық кабинеттер тексеріліп жатыр.
Ал полиция департаменті екі өлімге байланысты қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.