Qarmet компаниясы 2024 жылдың қорытындысы бойынша өз қызметкерлеріне сыйақы беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Компания ұжымдық шартта көрсетілген барлық көрсеткіштер толық орындалмағанына қарамастан, жұмысшылардың еңбегін бағалап, оларды қолдау мақсатында осындай шешім қабылдағанын атап өтті. Сыйақы 2024 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін жұмыс істеген қызметкерлерге төленеді. Төлем шарттары мен санаттары кәсіподақтармен келісілген.
"2024 жыл – компаниямыз үшін толыққанды алғашқы жыл болды. Металл нарығындағы тұрақсыздық пен құрылымдық мәселелерге қарамастан, ұжым табандылықпен еңбек етті. Қызметкерлеріміздің осы жауапты кезеңдегі еңбегіне алғыс ретінде сыйақы төлеуді жөн көрдік", – деді Qarmet бас директоры Вадим Басин.
Компания басшылығы бұл қадам қызметкерлерді одан әрі ынталандырып, жаңа өндірістік жетістіктерге жол ашатынына сенімді.
«Бұл шешім Qarmet-тің әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына сай екенін және компания адам капиталына басымдық беретінін көрсетеді», – деп қосты «Жақтау» кәсіподақ төрағасы Виктор Щетинин.