Шерзат Полаттың өлімі. Бас прокуратура не дейді?

856
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Полаттың отбасы үйінің өртке орануына қатысты тергеу жұмыстары жөнінде жаңа мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қойгелдиевтің айтуынша, аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

«Бірқатар сараптамалар тағайындалып, олардың нәтижелері алынды. Сонымен қатар, Ресей Федерациясына халықаралық тергеу тапсырмасы жіберілді», – деді ол Сенаттағы брифинг барысында.

Бас прокурордың орынбасарының сөзінше, құқық қорғау органдары серіктес елдерден спутниктік суреттер арқылы оқиға болған күні Шерзаттың үйінің маңында қандай көліктер тұрғанын анықтауға тырысып жатыр.

«Бұл – істің толықтығы үшін қажет. Сондықтан уақыт керек», – деп түсіндірді ол.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат дүкенде әкесіне көмектесіп жүргенде, агрессивті сатып алушымен қақтығыс болып, арты жантүршігерлік қылмысқа ұласқан. Күдіктілер Шерзат пен оның туыстарына пышақ және аңшы мылтығымен шабуыл жасаған. Оқиға орнында Шерзат қаза тапты.

Кейін бұл істі Ішкі істер министрі Ержан Саденов өз бақылауына алған еді. Жеті күдікті ұсталып, олар екі ай мерзімге қамауға алынған.

Қайғылы оқиғадан кейін Шерзат Полаттың отбасының үйі өртеліп кеткен болатын. Қазіргі уақытта тергеу органдары бұл қылмыстың барлық қырын анықтауға күш салып жатыр.

Пікірлер