Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express компаниясының басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяоны қабылдады. Кездесу барысында «Қазпошта» АҚ мен YTO Express компаниясы бірлесіп құрған «Qazpost – YTO» ЖШС-нің қызметі таныстырылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақордаға сілтеп.
Жобаның басты мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияда заманауи әрі тиімді курьерлік желі қалыптастыру. Осы бағытта Алматы облысында ірі сұрыптау хабының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл пошта жөнелтілімдерін жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сұрыптау хабына жақын маңнан индустриалды парк салу көзделуде.
Мемлекет басшысы мұндай бірлескен жобалардың стратегиялық маңызына тоқталып, олардың елдер мен халықаралық бизнес арасындағы тиімді ықпалдастықтың үлгісіне айналуы тиіс екенін атап өтті.