Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті геральдикалық жұмыс басқармасы мен «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ-нің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Екі күнге созылған бұл шараға еліміздің барлық өңірлерінен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің мамандары, Мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Семинардың басты мақсаты – мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық марапаттардың жүйеленуін қамтамасыз ету, олардың насихатталуын күшейту, ұлттық стандарттар мен заң талаптарының орындалуын қадағалау, сондай-ақ адал еңбек еткен азаматтарды марапаттау рәсімін ретке келтіру.
Мемлекет басшысы бұған дейін Ұлттық құрылтай барысында геральдика мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Мәселен, Түркістанда өткен жиында өңірлік нышандарды жүйелеу мәселесі талқыланса, Бурабайдағы отырыста ведомстволық марапаттарды реттеу тапсырылған еді.
Семинар барысында өңірлік нышандарды заң талаптарына сай бекіту, мемлекеттік рәміздерге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және оларға шара қолдану, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі мен ұлттық стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Мемлекеттік рәміздер күнін лайықты деңгейде атап өту мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Алғашқы күні Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова Президент тапсырмасына сәйкес өңірлік нышандарды біріздендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Ішкі істер министрлігінің өкілі Аида Баялиева мемлекеттік рәміздерге қатысты құқық бұзушылықтарды уақытында анықтау мен тиісті шара қолдану жөнінде баяндама жасады. Ал Сауда және интеграция министрлігінің маманы Қазбек Нұрбек мемлекеттік рәміздердің ұлттық стандарттарға сәйкестігіне тоқталды.
Семинардың екінші күні Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мемлекеттік рәміздерге қатысты заңнамалық өзгерістер енгізу және жауапкершілікті күшейту мәселесін көтерді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков рәміздердің маңыздылығын атап өтіп, өңірлік нышандарды жүйелеу бастамасын қолдайтынын білдірді.
Сонымен қатар тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтың жары, ұстаз Күләш Қайыржанқызы мемлекеттік рәміздерді әзірлеу кезеңіндегі қиындықтар мен естеліктерімен бөлісті.
Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, іс-шараға белсенді қатысқаны үшін сертификаттар мен естелік сыйлықтар алды.
Семинар қорытындысы бойынша ведомстволық наградаларды жүйелеу және оларды ұлттық геральдикалық стандарттарға сәйкестендіру бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленді. Қатысушылар ведомстволық және өңірлік нышандардың бірізділікпен рәсімделуін, олардың көркемдік және мазмұндық сапасын арттыруды, тарихи-мәдени құндылықтарға сәйкестігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, семинар шеңберінде мемлекеттік рәміздерге қатысты заманауи қауіп-қатерлер мен оларды қорғау жолдары талқыланды. Әсіресе, цифрлық кеңістікте рәміздерді заңсыз пайдаланудың алдын алу, ведомстволық марапаттарды тіркеу мен есепке алу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ рәміздерді насихаттау жұмыстарына заманауи коммуникациялық құралдарды кеңінен енгізу қажеттігі көтерілді. Семинарда ұсынылған ойлар мен пікірлер алдағы заңнамалық және әдістемелік құжаттарды жетілдіруге негіз болады деп күтілуде. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұру қажеттігін атап өтті.