Ресей мемлекеттік Думасы Ресей мен Иран арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы қаңтарда қол қойылған келісімді ресми түрде ратификациялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Келісім қауіпсіздік, қорғаныс, халықаралық саясат, экономика және қаржы салаларында тығыз ынтымақтастықты көздейді. Құжатта екі елдің әскери-техникалық салада, барлау және қауіпсіздік қызметтері аясында жеке келісімдер негізінде өзара әрекеттесетіні атап көрсетілген.
Сонымен қатар, келісімде үшінші бір мемлекеттің бір тарапқа қарсы әскери агрессиясы болған жағдайда, екінші тарап агрессорға көмек көрсетпеуге және жағдайды БҰҰ Жарғысы мен халықаралық нормалар негізінде реттеуге жәрдемдесуге міндеттеледі.
Тараптар Каспий өңірі, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, бұл аймақтарда үшінші мемлекеттердің араласуына жол бермеуге уағдаласты.
Сауда-экономикалық салада тараптар ұлттық валюталармен есеп айырысатын төлем инфрақұрылымын дамытуды, тікелей банкаралық байланысты нығайтуды және ұлттық қаржы өнімдерін кеңейтуді көздейді.