Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мемлекет пайдасына 1,9 миллиард теңге көлемінде активтердің қайтарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп.
Аталған соманың ішінде «Оператор РОП» ЖШС-нің сотталған қызметкерлерінен өндірілген қаражаттар мен LRT жобасына қатысты активтер бар. Прокуратураның алғашқы хабарламасында 2023 жылы «Оператор РОП» ісі бойынша мемлекетке бір миллиард теңге тәркіленіп, қайтарылғаны айтылған. Алайда бұл хабарлама кейінірек өшірілді.
Соған қарамастан, «Астана LRT» деп танылған «City Transportation Systems» ЖШС-ге қатысты мәліметтер өзгеріссіз қалды. Прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, компанияның құрылтайшысы – Астана қаласының әкімдігі, ал активтер мемлекетке қайтарылған.
"Мемлекетке жалпы құны 920 миллион теңге болатын 40 жылжымайтын мүлік объектісі – 39 коммерциялық ғимарат және 12,8 гектар аумақтағы теміржол учаскесі берілді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта құны 615 миллион теңгеге бағаланған 37 нысанды қайтару процесі жүріп жатыр", – делінген ресми мәлімдемеде.
Orda.kz редакциясы «Оператор РОП» ісіне қатысты қайтарылған активтер жөнінде нақты түсініктеме алу үшін Бас прокуратураға ресми сауал жолдағанын хабарлады.
БАҚ беттерінде актив қайтарғандардың қатарында Әлия Назарбаеваға тиесілі компаниялардың да бар екені туралы ақпарат тарады.
Айта кетейік, активтерді қайтару – елде жүргізіліп жатқан заңсыз шығарылған қаражат пен мүлікті мемлекетке қайтару шараларының бір бөлігі.