Алматы облысы әкімдігі жолсыз жерлермен қатынау үшін TANK маркалы люкстік жол талғамайтын көліктерді мемлекеттік сатып алу арқылы иеленгенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Kursiv-ке сілтеп.
Бұл көліктер облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қызметтік сапарларына пайдаланылмақ.
Журналист Асхат Ниязов Алматы облысы әкімдігінің ашық автотұрағынан бірнеше TANK көлігін, сондай-ақ жеке есік жанынан Toyota Land Cruiser 300 көлігін байқаған. Әкімдік аталған көліктер облыс әкімінің жұмыс сапарларына арналғанын растады. Олар қиындығы жоғары жолсыз аймақтармен және ұзақ бағыттармен жүруге арналған. Алайда Toyota Land Cruiser 300 көлігінің нақты кімге тиесілі екені жайлы ақпарат берілмеді.
“Автокөліктер “Мемлекеттік сатып алу туралы” заң аясында ашық конкурс арқылы сатып алынды. Бұл – сатып алу рәсімінің ашықтығын және бәсекелестігін қамтамасыз етті”, – деді әкім аппараты басшысының орынбасары Ернат Байғалық.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, әкімдік 2023 жылы ең ірі автодилер саналатын Allur компаниясынан жалпы сомасы 562 миллион теңгеге автокөліктер сатып алған. Сонымен қатар, облыс әкімінің негізгі қызметтік көлігі – Kia K900 екені нақтыланды.
Айта кетейік, әкімдік ғимаратының күзетшісі журналистке Toyota Land Cruiser 300 көлігімен әкімнің өзі келгенін айтқан. Алайда бұл қымбат көліктің кімге тиесілі екені әзірге белгісіз. Ресми дилерлердің мәліметінше, аталған көліктің құны 47 690 000 теңгеден басталып, 69 490 000 теңгеге дейін жетеді.
Бұған дейін де бірнеше өңір әкімі қымбат көлік сатып алуы арқылы қоғамның сынына ұшыраған болатын.