Қаһарман халықтың ұрпағымыз. Ағайынды темірші-ұсталар ата дәстүріне берік

4262
Adyrna.kz Telegram

Осыдан біраз жыл бұрын көркемдік-дизайн жағынан ерекше безендендірілген, мазмұны жағынан тарихи құндылықтарға жататын «Темірші-ұсталар» деген кітап-альбом қолыма түсті. Баспагер ретінде айтайын: жұтынып тұр, әр қазақтың мақтаныш сезімін оятады. Парақтап, зерделей қарадым. Сонау көне дәуірден ұмыт бола бастаған теміршілік-ұсталық өнер, қару-жарақ, ат әбзелдері, саздық аспаптар және тұрмыс-салттық бұйымдар сырына үңіліп, оларды жасаудың амал-тәсілдерін жаңғыртқан азаматтардың еңбектері жарыққа шыққанына, маңдай тер, адал кәсіптерінің осындай әдемі мұқабамен кітап болып, «тасқа басылғанына» қуандым. Кезінде осындай өнер тудырып, кең далада еркін өскен түркілердің жалғасы – қазақ деген еліміз үшін, өзімнің де соның бір тұяғы екенім үшін қуандым.

Әр елін сүйер азамат өзінің туған елі­нің алдындағы парызын өтер болар?! Біреуі өлеңімен, біреуі өнерімен деген­дей… Қалай десек те, ел алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген азаматтар жетерлік. Осындай ойлардың жоралғы-жүгін ағайынды үш жігіт – Тұр­сын­жан, Махмұт, Айтберген Жетен­ұлдары Құлментегілер «Өнер» бас­пасы­нан 2006 жылы шыққан, «Темірші-ұста­лар» атты кітаппен өтеп отыр. Кітап бө­лім­дерінің тақырыптық-танымдық жүйе­сін көркемдеп, фотосуреттердегі заттай айғақтардың атауы мен түсініктерін жазған және альбомның дизайнерлік нұсқасын ұсынған да Қазақстан Рес­публикасы Дизайнерлер одағының мүшелері, осы өзіміз сөз етіп отырған – ағайын­ды үш ноян Құлментегілер.  Бұл заңды да. Өйткені, олар бұл еңбегін, өздері айтқандай, көшпелілерге тән табиғаты мен жан дүниесі біте қайнасқан; өмірде қазақтың дәстүр-салтын, жол-жоралғысын жетік білген; кеңпейіл де өршіл, ұжданды да ұлтшыл әкелері Жетен Омарұлы мен аяулы аналары Нұрымхан Күнжекеқызының рухтарына арнаған.
Кітап үш бөлімнен тұрады. Олар – «Қа­ру-жарақ», «Саз аспаптары» және «Тұрмыс­тық бұйымдар». Біз тақырыбымызға орай бұл жолы тек қару-жарақ бөлімі жайында ғана сөз қозғамақпыз.( Қалған екеуі де, әрине, арнайы тоқталатын, үлкен әңгіме арқауы боларлық дүниелер). Ол жайында кітап авторлары: «Қазақ оқырманына түсінікті болу үшін біз бұл кітапты үш бөлімге бөлдік. Бірінші бөлім — қару-жарақтар туралы. Бұл бөлімде темір ауыздық, үзеңгі, таға және қа­ру-жарақтар туралы мәліметтер қамтыл­ған. Қару жасау көшпелі, куатты, бай халық­тың ат ойнатып, тарих төріне шығып, төңірегіне тұтасымен ықпал етуі, ауыздығымен алысқан арғымақтармен алыс аймақтарға жауынгер­лік жорықтар жасауы кезінде пайда болған, кейін қалпына келтірген каруларға байланысты десек те болады. Бұл туралы біздің дәуірімізден бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген көне түркілер: сақтар, үйсіндер, қаңлылар, ғұндар деректерінде сайрап жатыр. Сол бабалар жайындағы мәдени мұраларда қазіргі қазақ мәдени тұрмысының ұқсасты­ғы мен жақындығы айқын жазылған.
Қазақтың қару-жарақ, сауыт-сайман­дары, негізінен, тек ат үстіндегі жауынгерге лайықталады. Алыс жолға алып жүруге жеңіл болуы, қарсы жауына қолдануға ыңғайлы, берік болуы және қару түрінің көп болуы оны жасайтын темірші-ұсталардың биік деңгейін көрсетеді» дейді.
Кітап авторлары Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Жетенұлдарының бұл іспен көптен айналысып жүргенін жақсы білуші едім. Ол кездегі мекен-жайым Алматы қаласының Таулы қырат жағында болатын. Содан сәл төмендегі Қажымұқан көшесін­де­гі осы ұсталардың үйлеріне әрі-бері өткенде соғып кетіп тұратынмын. Үй ауласындағы шағын ғана ашық лапас астында ағайынды үшеуі қарапайым ұстахана ашып, көрігін күрпілдетіп, шойын үстінде балға ойнататын. Отқа балқыған темірлерді төсте жаншып, қамырша илеп, әйтеуір, дегеніне көндіретін. Олардың осылай соғып жасағандарының қатарында дулыға (шошақ дулығасы да бар), торғауыт, томаған, қорамсақ, жебе (төрт түрі – сауыт тесері, арқан үзері дегендей), найза (жағалы найзасы да), сүңгі, күрзі, шоқпар, сақетер, үш түрлі қалқан (үлкені, орташасы, кішісі дегендей), қанжар, семсер, босмойын, айбалта (бесаспап айбалта), құстұмсық және әскери дауылпаз… бар. Ал анау адырна және қобыздарының өзі – талай әңгімеге арқау боларлық бір бөлек дүние. Апыр-ай, қайсысын айта берейін, ата-бабаларымыз­дың пайдаланған қару-жарақ атауының өзі тізе берсең көп-ақ.
Бұл құрал-саймандардың әрқайсысы жеке-жеке мақсаттарда пайдаланылғаны белгілі. Мысалы, әскери дауылпаз – ұсталар­дың айтуынша, соғысқа шығар алдында, сосын соғыс майданында қолданылған жауынгерлік саз аспабы. Алапат соғыс, намысты шайқас немесе жан беріп-жан алысар ұрысқа аттанарда дауылпаз ұрған. Жауынгерлерді бір қолға жинақтап, жіге­рін шыңдап, рухын көтеру мақсатында дүмпілдеткен. Сонымен бірге жеңіс тойын тойлаған салтанатты шеру кезінде де әскери дәстүр ретінде қолданылған.
Сол тәрізді күрзіні алайық. Ол, өз кезе­гінде, еларалық ынтымақты қорғайтын соғыс­тарда қолданылатын қару екен. Ерен батырларға ерекше әдіспен сыртын темірмен қаптап, өткір де үшкір емшектер қондырып, арнайы жасалған қару. Ерте кезде қағанат билеген хандарымыз тағына отырғанда күрзі ұстап отыру дәстүр болған. Содан бері күрзі биліктегі күш иесінің рәміздік белгісі болып санамызда сіңіскен.
Құстұмсық пен бесаспап айбалтаның да жасалуында ерекшеліктер бар. Соңғысының айырмашылығы – бірнеше қару түрлерін бір қарудың бойына біріктіріп жасау арқылы, оның шайқас кезіндегі қарымдылығын арттырған. Басқаша айтар болсақ, бесаспап айбалтамен шабуға да, шаншуға да болады. Саптың алқымы мен желкесіне екі өткір қияқ бекітілген. Қарсы сілтеген жау қылышын жасқап, алқыммен іліп тартуға болады. Сабы­ның ұңғысына кірістіре қанжар орналастырып қойған. Оны жауымен бетпе-бет келіп қалған қысылтаяңда, не жекпе-жекте суырып алып, қарсыласын жасқап жүріп, алып соғуға болатын бесаспап қару.
Осылай сырғыта берсек, тіпті, әрқай­сы­сына пайдаланылған шикізат-материалдар, олардың түр-түсі жайында, іске асыру қыр-сыры (технологиясы), әдіс-тәсілі (әр шебердің өзіндік құпиясы бары белгілі) турасында сөз қозғар болсақ, өз алдына ұзын-сонар әңгіме. Қару-жарақ туралы әлі күнге тың күйі жатқан этноғылым зерттеп, зерделенуі қажет.
Сол кездің өзінде-ақ, «әттең-ай, мына жігіттерге арнайы жабдықталған ұстахана болар ма еді?!» деп ойлайтынбыз. Осынау көне тарих, ұлттық рухымыздың көркеюіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын арақ дү­кен­дері, ойынхана-сырахана сияқтыларға жұғы­са кететін демеушілерді қайдан тапсақ, ә?.. «Тапқан күнде де олардың мойны мұн­дай­ға бұрыла қояр ма?!» деп шарасыздықтан дал бо­ла­тынбыз. Сөйтсек, Құлментегілер қашан­да халқымыздың рухани дүниесіне жана­шыр­лық танытып жүретін халқымыздың ардақ­­ты аза­маты, сол кезде Алматы қаласының әкі­­мі болған Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбе­­тов мырза айтарлықтай қамқорлық көрсетке­­нін ризалықпен еске алады.
Басқалардан Кұлментегілердің ерек­ше­лігі – намысшылдығында. «Сен бізге осылай істей ғой» деп өзгеге қол жайып бара қойған жоқ. Бар сенгені – өздерінің білімдері мен біліктілігі. Кездессең болды, еститінің – «Алпа­мыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Қосай» сияқты батырлар жырларынан екпіндете жатқа соққан үзінділер. Оны қойып Шыңғыс хан, Абылай хан, Едіге, Мамай, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Ағынтай, Бәйдібек, Сыпатай, Шақшақ Жәнібек, Кенесары, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар жайындағы қисса-дастандардан ойқастатады дейсің. Содан-ақ көшпелілердің қару-жарақ жасау сырларын көнеден тамырлап сезеді, білем. Сезеді де, байқаймын, оны ұсталық өнерлерінде пайдаланады. Батырлар жырлары, мифтік аңыз-әңгіме, ертегілер мен қис­са-дастандарда олардан сыр тарта білген мына сияқты ұсталарға қару-жарақтың аты да, заты да жазылған екен-ау?! Жандары күмбір-күмбір күй төккен, ұлттық тәлім-тәрбиемізге уызынан қаныққан ағайындылар осындай әлемнен рахаттанады-ақ. Мұндайда олармен ой бөлісіп, сыр шертісудің өзі бір ғанибет. Жаның жасарып, рухың қанаттанады.
Иә, ағайынды Құлментегілердің басқа­ларға ұқсамайтын, оларды басқалардан ерекше­лендіріп тұратын күш те, міне, олар­дың өмірге деген өзіндік бір мығым ой-тол­ғам­дарында, осындай ерекше бір философиясында болса керек. Ол әке қаны, ана сүтінен дарыған. Басты қағида – жоғарыда айттық, әке аманатына деген адалдық. «Дәл қазіргі кезеңде ұлтымыздың ұмытылып, кенже қалған теміршілік сияқты қасиетті өнерін қазақ халқының рухани әлемін байытып, отаншылдық рухын асқақтататын киелі өнердің бір саласы деп есептеу керек» дейтін ағайынды темірші-ұсталар бірінің сөзін бірі жалғастырып: « Бізді мазалаған осы ойдың шешуі: «Кең байтақ ел мен жерді батыр бабаларымыз калай қорғады, қандай кару-жарағы, қандай қорғаныс кұралдары болды?» – деген сұраққа әкеп тіреді»
Осы сұрақтың шешуін табу үшін ағайын­ды үш жігіт жеке-жеке жұмыс істеуді доға­рып, әкелерінің ақыл-кеңесімен 1977 жылы наурыз айында Алматы қаласы Қажымұқан көшесіндегі 75-ші үйдің ауласынан ұстахана ашқан. Бұған әкелері батасын беріп, өсиетін айтады. Аталары Омар аймағына аты шық­қан белгілі ұста болғанын, өз заманына керекті қару түрлерін өзі соғып-жасағанын өнеге етеді. Бірақ аталары әкесінің тоғыз айында дүниеден өткен екен. Оның өнерін негізінен елден және шешесінен естіп өседі. Сонымен қоса әкесінің артында қалдырған заттарын көзімен көріп әрі қолымен ұстауға мол мүмкіндік бар. Жүре-жүре заттардың сырына үңіліп, кейін ұсталықты жақсы меңгеріп кетеді. Сөйтіп, Омар аталарының көзіндей көріп жүрген үзеңгі, тұлпардың темір кісені, аталары өзі жасап, ұстаған сапы пышағын «Қадірлеп ұстаңдар!» деп аманат етеді. Ұста өз өнеріне адал болуы керектігін қатты ескертеді.
Содан әкелері Жалаңашта тұратын те­мірші Сәрсебек ұстаны Алматыдағы бүркітшілер жарысына келіп жүрген кезінде ретін тауып үйге шақырып, ақсарбас қошқарды дұға оқып сойдырады. Содан қадірлі қонаққа сыбаға тартып, шапан жа­уып, жол-жоралғысын беріп, балаларына бата сұрайды.
Ұсталардың бата беру рәсімі қызық: ол көнеден жеткен теміршілердің дағдысымен төстің жанында орындалады. Бата алушы бармағын төске қойып, бата беретін қарт ұста тілегін айтып, балғамен бата тілеуші шәкіртінің бармағын үш рет ақырын-ақырын соғады. Төсті, басқа да керек-жарақ саймандарды сойылған қойдың майымен майлайды. Көріктегі отқа «От-ана» деп сыйынып, май құяды. «От-ана»-көрікті жағу үшін бата алған ұстаның көрігінен отты өшірмей әкеп, өз көрігінде жағып, темір қыздырады. Істі бас­тар кезде: «Менің қолым емес, Тәңірімнің қолы»,- дейді.
Мұнда да терең сыр бар. Бұл дәстүр қазақ теміршілік өнерінің сан мыңдаған жылдық тарихын аңғартады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осы сөз кұдіретінің тағы бір қыры — адамның «мұны мен істедім» деген пенделік пиғылын тежеп, өз ісіне деген адалдық пен сүйіспеншілігін арттыратын пәлсапалық терең ұғымда жатыр.
«Бұл – бізге ертеден жеткен темірші-ұсталық өнердің дәстүрі. Үлгі боларлық осы дәстүрлерді әкеміздің жақсы білуі бізді қатты серпілтті, – дейді Айберген бауырымыз, – Әкеміз өткерген соңғы ширек ғасыр көшпелі тірлікте бұл дәстүр өшпеген екен. Ол біз үшін ежелгі көшпелілердің соңғы тұяғы еді. Қазақтың салт-дәстүрін, жол-жоралғы­сын жетік білетін, өз қазағын үнемі жоғары қойып сөйлейтін ұлтшыл адам болды. Ол – көшпелілерге тән табиғатпен біте кай­нас­­қан, өмірдегі тәжірибесі мол, өте ұжданды жан-ды».
Әжелері Ажаркүл де – қазақтың киімде­рін тігуде, кестелеп өрнек салуда бүкіл өңірде аты шыққан асқан шебер болған адам. Елдегі атақты байлар оған тапсырыс беріп, киім тіктірген. Қысқасы, ауыл-үйді сол өнерімен асыраған шебер жан болған.
Темірші-ұсталардың мұндай жү­рек­жар­ды әңгімелеріне мен қанық едім. Ара-ара­сын­да ашық лапас астындағы кейде қызған көріктей, кейде суыған қылыштай ойбөліс, пікір алмасуымыз, негізінен, бір арнаға келіп тоғысатын. Біріміз Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, М.Мағауиннан дерек келтірсек, біріміз Махамбет, Х.Арғынбаев, М.Көпеевті алға тартамыз. Оны азсынсақ, Ә.Диваев, М.Тынышбаев пен С.Аронұлының шығар­маларын, Сақ қорғандары, әлемге әйгілі «Алтын адам» қазбаларындағы, Орхон-Енесей жауынгерлік жазбала­рындағы жәдігерлерімізді мысалдап әлек боламыз. Басқасын айтпағанда, этнограф Жағда Бабалықұлының осыдан төрт жарым ғасыр бұрын төрт ат жегілген арбаның тасқа қашал­ған суретін кездестіргенін өзінен естігенбіз. Сол суретте бейнеленген садақ тартқан адам­ның да жебесінің ұшы темірден көрінеді. Соны айтысамыз.
Қазақ теміршілік өнері тамырының тереңде екеніне дәлел жетерлік. Соның бірі – топонимикалық жер атаулары. Алтыншоқы, Алтынемел, Бақыршық, Жезді, Жезқазған, Қорғас, Теміртау, Темірлік, Темір стансасы, т.б. Одан қалды, Біржан сал баласын Теміртас («Теміртас, Асыл, Ақық, қарақтарым…») десе, жалпы бауырларымыздың арасында Темірболат, Темірше, Шымболат деген де есім­дер аз кездеспейді. Тіпті, қазекеңнің жер­ді қойып, аспан әлеміне де шарықтап кетіп, жұлдыз екеш жұлдыздың өзіне ат қойып, айдар тағып «Темірқазық» дейтінін қайтерсің?!
Темірге байланысты атауланған жерлер­ге зер салған адамға балқыған тас қорытпалар кезігеді. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан ең­бек­терінде шағын темір қорытатын ошақ орындарын көптеп кездестіргенін талай жаз­ғаны бар. Темірі бар тас қорытпа от қызған кезде ошақ түбіндегі балшықтан жасалған науамен темірі бөлек ағып, тас қорытпа ошақ түбіне шөгіп калады. Сондайда ошақтың көмейіне қарай екі-үш көрікпен үрлеп, от қызуын күшейтеді. Осындай тәсілмен темір өндіріп, бұйым жасау адамзат баласының дамуына тендесі жоқ қозғалыс әкелді. Темір – түсті металдарға қарағанда сапасы жоғары, кыздыру арқылы кажетті әр түрлі зат жасауға икемді, табиғаттың адамзатқа тартқан үлкен сыйы.
Біздің тақырыбымызға орай әскери атау­ларға тоқталсақ: сарбаз, сардар, батыр, он басы, жүз басы, мың басы, қарауыл, жасауыл, бақауыл, шолғыншы, жасақ, қосын, т.б. атаулар бүкіл қазақ халқының әскери күш жүйесін әйгілеп тұр. Осыдан барып көшпелі халықтардың тарих алаңына ат ойнатып шығып, төңірегіндегі елдерге ықпал жасауы, міне, осы хас шеберлеріміздің темір затының кұпиясын ерте меңгеріп, соған сәйкес, олар­дың ерік-жігерлері арта келе буырқанған күшке айналғанын аңғартады. Тағы бір тұщы­нарлығы – осы тұжырымдарды авторлар кітапта көрсете біліпті.
Осы орайда бір айта кететін мәселе, аға­й­ынды Құлментегілер ұстахана көрігін қыздырғандағы негізгі мақсаттары – жай шаруашылық-күйбің тіршілікпен айналысып, тиын-тебен тауып, қарын тойғызу емес. Керісінше, ата-бабаларымыздың осы дәстү­р­ін жалғастырып, ұлттық хас шеберлердің қару-жарақ жасаудағы қыр-сырына терең үңіліп, оны жетілдіре түсу. Одан кейінгісі, ең маңыздысы да, сол өнерді көпке тарату, шәкірт баулу, бойындағыны болашақ жас­тарға үйрету, соларға дарыту. Сөйтіп, осы салада, өз атақ-абыройларын арттыруды емес, керісінше, аталар дәстүрін жалғастырып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруды, ел мүддесін ойлаған ұсталарды бүгінде республикадан сыртқары талай елдер біледі. «Қолдан келсе, үлкен шеберхана, мұражай жасап, не үкімет қолдаса, қару-жарақ палатасын ашсақ» деп армандап қояды. Өкінішке қарай, қазір жатқа қимақ түгіл кейбіреуін көзбен көруге қимайтын, өте жоғары шебер­лікпен жасалған қарулары әртүрлі себептермен шетел асып кетті. Өкініштен ішің удай ашиды. Амал нешік, шетелдіктердей жерлес­теріміздің арасынан бұл өнер туындыларын іздеп келгендер, аттай қалап алғандар табыла қоймады. Не өнерді түсінбейтін боп алдық па, не немқұрайдылыққа етіміз өліп кет­кендіктен бе, өз құндылықтарымыздың баға­сын әлі тиісінше парықтай алмай жүрміз-ау!

«Елге істеген ісің өшпес» деген. Ағай­ынды Құлментегілермен араласып, Тәуел­сіздігіміздің алғашқы тәй-тәй басқан тоқ­сан екі-тоқсан бесінші жылдары бірге атқар­ған кейбір игі шаралар еске түседі. Әуелі, ағайынды ұсталардың қолынан шыққан ұлт­тық қару-жарақ түрлерін Ішкі әскер жауын­герлеріне көрнекі құрал ретінде көрсетіп, көрме ұйымдастырғанымыз бар. Сонда жас жауынгерлеріміз дулығаны бас­тарына киіп, қолдарына найза ұстап, енді біреулері бір-біріне «шоқпар сілтеген» болып ойнап, енді біреулері қалқан ұстаса, қайсы бірі «садақ атып», мәре-сәре болып қалғаны бар.

Осынау бір өзіміз қолдан ұйымдас­тырған «көшпелі көрмені» Алматы қаласының Динамо стадионында Қарулы Күштердің қатысуымен өткізілген Наурыз мейрамында да көпшілікке тамашалатып едік. Бұған Халық Қаһарманы, атақты партизан-жазу­шы Қасым Қайсенов ағамыз бен анау Көк­төбе етегіндегі Алматы хайуанаттар бағының «мұқым пермесін жайлап жатқан» күзетшісі, білгір қыран бапкері Әбілхақ Тұрлыбаевты алып келгеніміз өз алдына бір хикая… Қасым ағамыздың үстіне ұлт­тық шапан кигізіп, қолына Әбілхақтың қыранын ұстатып, фототілші Н.Қизатовқа түсіртіп, «Халық кеңесі» газетіне «Қос қыран» деп сурет бергізгеніміз әлі есімде. Одан кейін Тұрсынжан және Махмұт Құлментегілерін Қорғаныс министрлігі қолбасшылығының тапсырысы бойынша қару-жарағымен бірге алдырып, Алматыдағы бұрынғы бас штаб­та да «көш­пелі көрме» ұйымдастырғанбыз. Ке­йін естідік: Елбасы осынау шағын көрмеге ерекше мән беріп, министрлік басшылығы­ның көңілін аудартқан көрінеді.
Ал енді осымен іс бітті ме? Бір-бірімізді мақтап, «біз кереметпіз» деуден аса алмай жүр­ген жоқпыз ба? Азаматтарымыз бізге арнап осындай кітап шығарды. Оны қалай пайдаланып жатырмыз? Осының алдында, мысалы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Қалиолла Ахметжанның «Жараған темір кигендер» (Алматы, «Жазушы», 1970) атты батырлардың қару-жарағы, әскери өнері және салт-дәстүрлері турасында керемет кітап-альбомы жарық көріп еді ғой. Осылардан не ғибрат алдық? Басқасы басқа, бұл туындылар біздің әскерилерге қалай әсер етті? Министрлікке қарасты қару-жарақшылар не дейді? Мүмкін курсанттарымызды оқыту бағытында Ұлттық қорғаныс университеті және Әскери ғылым орталығындағы ғалым­дарымыздың осы іспен тікелей айналысып жүргендері бар да шығар? Әйтпесе, маман керек болса, өзіміздің жоғары оқу орын­дарының ғалымдарын, осы істің мамандарын көмекке шақыруға болар. Олар, мысалы, Ресейден алдыратын ғалымдардан қымбат сұрай қоймас.
Менде осындай сұрақ көп. Оның енді бір парасы мынау. Біз сөз етіп отырған басылымдар және жоғарыда аталған көптеген батырлар жырлары мен эпос, қисса-дастандары­мыз Қорғаныс министрлігіне қарасты қай кітапханада, қай сардардың үйінде бар? Елбасының тікелей басшылығымен құрылған «Мәдени мұра» бағдарламасы бо­йынша жарыққа шығып жатқан 100 томдық бабалар ұлағатымен жауынгерлерімізді сусын­датып жүрміз бе? Әлде олардың Отан қорғаушыларға қатысы жоқ па? «Біз әдебиетші емеспіз. Әскерге оның керегі қанша?» деген де пікір барын білеміз. Олай емес. Бұл жайында ұлы Баукең – Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы сонау сұрапыл соғыс жылдарының өзінде республикалық Халық комиссары Н.Оңдасыновқа жазған хатында жастарымызды жауынгерлік дәстүр – батырлыққа, ержүректікке, табандылыққа, тапқырлыққа, айла-тәсілге баулитын батырлар жырлары сияқты халқымыздың бай әдеби мұрасымен бірге ұлттық ат спорты ойындарымыз – аударыспақ, теңге ату, шауып келе жатып шығыршықтан найза өткізу, ауада қалқыған шыт орамалды қылышпен тіліп түсу, жерден түйіншек ілу, қыл аяғы, асық ойынына дейін жастар тәрбиесінде кәдеге жарату керектігін нұсқап, ал «одан жас­тарды шетқақпай етуге қандай праволарың» бар, бұл – қылмыс» деген еді ғой.
Осындай үлкен ұлттық өнегеден нәр ал­ған аға ұрпақ сонау соғыстың сұрапыл жылдарында да батырлар жырларынан, рухың­ды көтеріп, намысыңды қайрайтын, елдік­ке, бірлікке, отаншылдыққа шақыратын, бір өзі бір жарғының жүгін көтеретін мірдің оғындай қанатты сөз, мақал-мәтелдерімізден рухтанған екен. Майдангер-жазушы Ә.Нұршайықов майданда М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын сөмкесіне салып жүріп оқитынын жазғанын біз де оқығанбыз.
Бүкіл қазақ жері – шалқар көл, айдынды теңіз, асқар тау мен шексіз даламызды майдан етіп, жоңғармен екі жүз жыл соғысқан хал­қымыз талай ерліктің үлгі-өнегесін көрсет­кен. Ата жауын ата қонысынан үдере қуып, «ал енді тұрар жеріңді айт» деп, қас­қайып қарсы тұра білген халқымыз қолдан батыр жасауды тілемейді. Кейбір елдер сияқты басқа халықтың батырын өз ұлтына сіңіріп алуға да зәру емес. Мәселе – сол барымызды тиісті дәрежеде көрсете алмай жүруімізде.
Ендеше қазақ ақын-жазушыларының (Б.Момышұлы, Ж.Жабаев, Қ.Аман­жолов, Ә.Нұршайықов, Б.Бұлқышев, С.Мәуленов, А.Жұмағалиев, т.б.) осынау сұрапыл соғыс жылдары окопта туындап, ана тілімізде мөлдіретіп, дабылдатып, дауылдатып оқыған қай шығарма, қай әнімен таныспыз? Қазақ майдангерлерінің көрнекті өкілдері даңқты Бауыржан Момышұлының, басқасын айтпа­ғанда, «Соғыс психологиясы», майдан «сахнасында» туындаған қанатты сөз, мақал-мәтелдері мен әдеби-публицистикалық жазбалары, өз қолымен сызған әскери ою-өрнек – қолөнерінен жастарымыз, сарбаздарымыз хабардар ма?!.
Одан кейін халық мойындаған, аты аңыз­ға айналған батыр, билеріміздің пор­трет­­терін бір ізге келтіріп, ғылыми сараптай­тын уақыт жетті деп ойлаймын. Өйтпесе, бел­гілі батырларымыздың бейнесін әркім өз хал-қадерінше салуда. Шыны қайсысы, көр­кем­деп, тұспалданғаны қайсысы?.. Тіпті, кей аға­­йындар туыс-тума, одан қалды, ауылдас­тар­ын батыр етіп көрсеткен портреттер көбе­­­­йіп барады. Ол мемлекеттік деңгейде ма­­ра­­пат­­тауға тұра ма? Халқына қандай ең­бек сіңірді, қандай ерлік көрсетті? Осы сияқ­­ты то­лып жатқан мәселе төңірегінде суретші­лердің, дизайнерлердің, тарихшылар және ақын-жазушыларымызбен бірге көнекөз қарияларымыздың басын қоссақ болмай ма?
Осы мәселелерге ғылыми негіз қалаған, орайы келгенде айта кеткеніміз орынды болар, 2011 жылдың аяғында ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бағдарламасы бойынша «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан мемлекеттік тілімізде тұңғыш рет халық ерлігінің рухани және ғылыми негізін қалаған «Айбын» әскери энциклопедиясын шығардық. Жастарымызды Отанын сүю және елінің патриоты болу бағытындағы әр деңгейдегі оқу және ғылыми мекемелердің тәлім-тәрбиелік жұмыстарында аталмыш энциклопедияның берері мол деп сеніммен айта аламыз.
Одан қалды, жауынгерлік шығарма­лар­ды, ерлік пен батылдықты үлгі етіп, отан­­сүйгіштікті насихаттайтын әдеби-көр­кем («Қаһарман» деуге де болар), екі тіл­де шығатын жауынгерлік журнал керек. Әскери тақырыпта карта, плакат, брошюра және көрнекі құралдар, мектептердегі алғашқы әскери дайындықтарда шарқ ұрып іздеп, ауадай қажет етіліп жүрген жабдықтар, стенд, әскери музыкалық әдебиеттер, ноталарды тапсырыспен басып шығаратын, бір орталықтандырылған әскери баспа қажет-ақ.
Тағы бір ойдағы мәселе: әскерде музыка, саз және әуендерді пайдалануда белгілі дәрежеде талғампаздық керек. Әсіресе, әске­ри оқу орындарындағы оқуаралық, сабақ­тан кейінгі үзілістерде, жас жауынгерлер курсында, сарбаздардың өздігінен да­йындалатын не үсті-бастарын жөнге келтіретін бос уақыт­тарында домбырадан Абайдың терең сарынды, Құрманғазының дауылпаз, Махамбеттің наркескен, Тәттімбеттің туған ел, өскен жеріміздің табиғи сұлулығына ғашық ететін күйлерін күмбірлетіп, Қорқыт, Ықылас сияқты қобызшылардың өмірге құштарлық сезіміңді оятатын сарындарын сарнатып қояр ма еді!?.
Одан кейін, әсіресе, кадет корпусының курсанттары, жас ұландықтар мен әскери бөлімдердегі жас сарбаздар тәрбиесіне Ақ­там­берді, Шалкиіз, Махамбеттерді, Азамат соғысы және Отан соғысы кезіндегі со­­ғыс тақырыбындағы әдебиет негізін қалаушы­лар Б.Момышұлы, Ж.Жабаев, Б.Бұлқышев, Қ.Қайсенов, М.Ғабдуллин, Қ.Бекқожин, Ә.Нұршайықов, Қ.Аманжолов, Ж.Саин, А.Жұмағалиев, Т.Ақшолақов, сондай-ақ, М.Мақатаев сияқты көптеген ақындарды «көмекке шақырып», халық композиторлары мен көпке белгілі әншілердің патриоттық тақырыптағы әндерін дәміл-дәміл радио то­рабынан беріп отыруға неге болмасқа. Мұндай әуендер жасөспірімдеріміздің құла­ғына ерте кезден жұғысты болады да, олар оны өмір бойы ұмыта қоймайды.
Иә, біздің аға ұрпақ талай атом­дық жа­рылыстарды, талай рухани кемсітушіліктерді, басқа да неше түрлі сұмдық тәжірибелерді көрді. Біз – Голощекин-қужақтың қолдан ұйымдастырған аш-жалаңаштығын бастан өткерсе де тізесін бүгіп, рухы сынбаған халық­тың ұрпағымыз. Бізге ендігі керегі «Кіші октябрь» емес. Әсіресе, әскерге керегі – барлық министрлікке де артық болмас, Елбасы бастаған мемлекеттік ауқымды «Мәдени мұра» бағдарламасының жауынгерлерге жарамды нұсқасын ендіру. Бұл – республикамыздың, әсіресе, Білім және ғылым, Қорғаныс министрліктерінің тікелей міндеті.
Бүгінде біреулеріміздің – балаларымыз, біреулеріміздің немерелеріміз оқуға барып жүр. Олардың ертең қандай азамат болып өсері қай-қайсымыздың да жүрегімізді сыздатып, қабырғамызға батары анық. Олар біздің болашағымыз дейміз. Ұрпақ ауысары – заңды құбылыс. Ертең олар біздің орнымызда Отанымызды қорғауға міндетті. Сонда кімді қалдырмақпыз: америкалық боевиктерге, «құру-құру» деп шуылдасып жүрген байырғы үндістерге еліктеп-солықтаған, әйтпесе, қытай ойыншықтарынан ел – аман, жұрт тынышта мүгедек болып, өз ата-бабаларымыздың Отан қорғау, хас жауынгерлік өнерлерінен өзіміз мақұрым еткендіктен, жалпы ұлттық атаулыға ескілік деп, жиіркене қарайтындарды ма? Бұл астамшылық, кеудемсоқтық қайдан келді. Біреулер итермелеп, өз илеулеріне көндіріп жүрген жоқ деп айта аламыз ба? Қалай болғанда да барлық кілтипан өзімізден-ау!?.
Әрине, біздің де айтарымыз «тек жүз томдықтар мен әдеби шығармаларды ертелі-кеш жаттат, тек күй сарнат» деген емес. Осынау ұлттық құндылықтарымыз қазір көптеп саналатын үлкенді-кішілі әскери оқу орындарында (академия, институттарда), әсіресе, кадет корпусында, азаматтық және әскери бағыттағы орта мектептерде алғашқы әскери дайындықтарда, тарих тақырыбына байланысты сабақтарда не тәрбие сағаттарында оқытылып, көрнекі оқу құралы ретінде пайдаланылып жатса, құба-құп. Онда, әрине, әскери тілмен айтқанда, сұрағымыз жоқ.
Бұл осы ой-пікірімізді кезінде Қорғаныс министрінің басшылығында отырған лауазымды азаматқа газет бетінде тікелей бағыттап та жазып едік. Бірақ оны оқыған адам болмады-ау деймін. Өйткені, не министр, не министрлік тарапынан не дат­таған, не жақтаған лебіз естімедік. Одан да өкініштісі: осы мәселе бойынша Қорғаныс министрлігінің Ғылым және білім депар­таментінің сол кездегі бастығы полковник Г.Дубовцев пен оның қол астындағы басқарма, бөлім бастықтарына да тікелей ұсыныс жасағанымыздан ештеңе шықпауы еді. Ендігі бар үмітіміз – республикамыздың Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов пен Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков мырзаларда. (Әдемі етіп фотосуреттерін түсіргендер Н.Жұбанов, Б.Құлмағанбетов, С.Сәрсенов, Ю.Беккер және О.Проскурин).

…Ойды ой қозғайды. Үшінші-төртінші сыныпта-ау деймін, есімі әлі күнге дейін есімде – Шолпан дейтін апайымыз әдебиет сабағында ертегілер оқитын. «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Ер Төстік», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Қаңбақ шал», «Тазша бала» дейсіз бе, болмаса, неше түрлі қиял-ғажайып ертегілердің кейіпкерлері – Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ сияқты немесе жерге құлағын төсей қойып тың тыңдайтын Саққұлақтардың мінез-құлық, қысталаң жерде құтқаратын тапқырлықтары жас жанымызды ынтықтырып, бала қиялымызды шарықтататын. Керқұла атқа мініп, аспан әлеміне шарықтап, ел-жұртымызды асырағымыз келетін. Қыздарымыз Күнікей қызға, одан қалды, ақылына көркі сай, ерлерінің сүйкімді де сүйікті серіктері Құртқа, Назым, Айжүніс, Гүлбаршын, одан бергі Қыз Жібек, Баян Сұлу, Майсараға (Гауһарларға) ұқсағысы келетін.
Бесінші сыныптан кейін Павлодар қаласындағы 3-мектеп-интернаттың директоры Ш.Тасмағамбетов деген ағайдың «қолына түстік». Ол кісі Абайдың «Интернатта оқып жүр», «Болыс болдым, мінеки», «Аттың сыны», «Қыс», «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» сынды шығармаларын жаттатып, Махамбеттің өлеңдеріне келгенде, тіпті, екпіндетіп, былайша айтқанда, сөлімізді сығып алатын. Зәре-құтымыз қалмайды. Сыныпта, тіпті, дәлізде де тек маса ызыңы естілетін еді-ау. Дүние тоқтап қалғандай болатын.
Ал енді өзара айтқанда, «сыбырлағанды Құдай естімей ме» дегендей, біздікі оcы төңіректе ой қозғау ғой. Сіздер не дейсіздер, білім саласындағы және іргетасының қалануына 20 жыл толып отырған Қарулы Күштеріміздегі азаматтар?


Сағидолла КӨШІМБАЕВ,
әскери журналист-жазушы,«Айбын» әскери баспасының
директоры – бас редакторы

«Ана тілі».

 

Пікірлер