2 сәуір күні Алматыда жүк көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде жеті жастағы Айзерені қағып кетіп, бала оқиға орнында көз жұмған еді. Бүгін марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жақындарының айтуынша, Айзере үш аптадан кейін 8 жасқа толатын еді және туған күнін асыға күткенге ұқсайды.
Желіде жерлеу рәсімінің видеосы тарады. Қайтыс болған қыздың отбасы бұл қайғылы оқиғаға автобус жүргізушісін кінәлап, оны жауапқа тартуды талап етуде.
"Автобус жүргізушісін жазалауға қоғамның назарын аударғымыз келеді. Жол-көлік оқиғасына сол кінәлі", – деді марқұмның туысы.
Айзерені 2 сәуірде жаяулар өтетін тұстан өтіп бара жатқан кезде Беларусь азаматы жүргізген ауыр жүк көлігі басып кеткен. Видеожазбада баланың анасы жол жиегінде күтіп тұрғаны, ал баланың жолдан өтпек болғаны көрінеді.
Сол сәтте жолаушылар автобусы баланың алдын кесіп өткен. Оны айналып өтпек болған бала жүк көлігінің астына түскен. Оқиға анасының көз алдында болды.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір білдіруде. Бірі қала ішінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салуды талап етсе, енді бірі жол ережесін сақтамаған автобусты кінәлап отыр. Сонымен қатар, кейбірі ананың баланы өзі жетектеп өтпегеніне өкінетінін айтуда.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Алатау ауданы, Боралдай мен Навои көшелерінің қиылысында сағат 12:17-де тіркелген. Марқұм болған бала жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан, алайда жүк көлігі уақытында тоқтай алмай, оны қағып кеткен.