Мәжілісте күзет қызметінің сапасы қызу талқыланды. Депутаттар мектептердегі қауіпсіздіктің әлсіздігін, күзетшілердің жасы мен біліктілігіне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Халық қалаулыларының айтуынша, кейбір білім ордаларында егде жастағы адамдар күзетшілік қызмет атқарады, ал олар төтенше жағдайда қауіпке қарсы тұра алмайды.
“Күзетте 60-70 жастағы кісілер отыр. Олардың өзіне күзетші керек қой”, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.
Ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, күзетшілердің жасына қатысты нақты шектеу жоқ. Мектеп директорлары күзетші таңдау кезінде өз талаптарын қоюға құқылы.
“Әр мектеп директорының күзетшіні таңдау кезінде белгілі бір талап қоюына толық құқығы бар”, - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Бұған дейін БАҚ өкілдері мектептердегі күзет сапасын арнайы зерттеп, бақылаудың әлсіз екенін көрсеткен болатын. Кейбір оқу орындарында турникет орнатылғанымен, бөтен адамның емін-еркін кіріп-шығуына ешқандай кедергі болмаған.
Қазір елде 4300 күзет ұйымы жұмыс істейді. Оның 1600-іне қару қолдануға рұқсат берілген. Алайда, лицензиясынан айырылған 1186 компанияның бірде-бірі қаруын мемлекетке өткізбеген. Бұл қауіпсіздікке төнетін үлкен қатер.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы да тақырыпқа қатысты өз ойын білдірді.
“Қолданыстағы заңда мұндай қаруларды мемлекетке өткізу қарастырылмаған. Жаңа заң қабылданса, бұл мәселе шешіледі”, - деді ол.
Депутаттар бұған дейін күзетшілердің өздері қылмысқа барып, адам өліміне себепкер болғанын да еске салды. Бұл әсіресе, түнгі клубтар мен қоғамдық орындарда жиі кездеседі.
Қауіпсіздік мәселесі мектептермен ғана шектелмейді. Аурухана, театр, мешіт сияқты адамдар көп жиналатын орындар да террористер үшін қолайлы нысан саналады. Сондықтан депутаттар күзет қызметкерлеріне ортақ талап бекітуді ұсынып отыр.