ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлеуметтік желіде өзін айыптағандарға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ол өзінің ешқашан халқына қарсы әрекет етпегенін, елінің игілігіне қызмет еткенін және қандай да бір қызметте ұялатын ештеңесі жоқ екенін айтты.
Тәуелсіздік жылдарында елге қызмет етіп, азды-көпті үлес қосқан Тасмағамбетов бұл жолда түрлі сынақтардан өткенін, марапаттар мен сындардың қатар жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде өзін «ресейшіл» деп айыптағандарға жауап берді.
«Мен қазақтың рухын сіңіріп өскен адаммын. Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін қызмет еткенім үшін кінәлімін бе?» – деп мәлімдеді ол.
Қайраткер қандай да бір жалған айыптауларға назар аудармағанын және өзінің адал қызмет еткеніне айтты.
«Ел-жұртым сеніп тапсырған қай қызмет, қандай жұмыс болсын – ұялатын ештеңем жоқ. Мен үшін халқымның мүддесінен биік ештеңе болған емес», – деп түйіндеді Тасмағамбетов.
Сонымен қатар, ол барша қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, елімізге амандық тіледі.
Иманғали Тасмағамбетов 2002–2003 жылдары Қазақстан премьер-министрі, 2008—2014 жылдары Астана қаласының әкімі, 2014–2016 жылдары Қазақстан Қорғаныс министрі, ал 2017–2019 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған.
2022 жылдан бастап ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметінде.
Видеоны біздің инстаграм әлеуметтік желісінен көре аласыздар