Президент құттықтауында Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстан туралы айтты

439
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының аяқталуымен құттықтады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Мемлекет басшысы бұл қасиетті мерекенің келісім мен достықты, мейірім мен ізгілікті дәріптейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Рамазан айында мұсылмандар рухани тазаруға, адамгершілік қасиеттерін арттыруға ұмтылады. Ораза айт күні жамағат мол дастархан жайып, қонақ шақырып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнайды, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетеді. Бұл игі дәстүрлер қоғамда биік гуманистік құндылықтардың орнығуына ықпал етеді.

“Ораза айт мерекесінің тағылымы ата салтымызбен терең сабақтасып жатыр. Біздің дініміз де, дәстүріміз де азаматтарды бірлік пен ынтымаққа үндейді, өзара сыйлас болуға шақырады. Осы қасиеттеріміз барда халқымыздың Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құру туралы арман-мұраты орындалатынына кәміл сенімдімін. Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Әр шаңыраққа құт-береке дарысын!”  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер