Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Батыс Қазақстан облысында еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, жергілікті жұртшылықпен және жастармен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында жүктеген міндеттерді іске асыру және Сенаттың өңірлерді дамытуға ықпалын күшейту мәселелері талқыланды.
Облыс жұртшылығымен өткен кездесуде Мәулен Әшімбаев әділетті, қауіпсіз және қуатты Қазақстан құру жолындағы реформалардың маңыздылығын атап өтті. Ол саяси-экономикалық өзгерістерді жүзеге асыру үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен қоғамның белсенділігі қажет екенін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында елімізді дамытуға қатысты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Өңірлердің экономикасын өркендету негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Құрылтайда ішкі саясат, идеология, білім беру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Айтылған барлық бастамалар Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыруға арналған. Осы және басқа да міндеттерді сапалы іске асыру үшін жүйелі әрі тиімді жұмыс істеуіміз керек», – деп, Сенат Төрағасы облыстық мәслихат депутаттарын ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін Палатаның заң шығару қызметіне белсенді қатысуға шақырды.
Сенат Төрағасының айтуынша, өңірлердің тұрақты дамуы үшін инвестициялар тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіпті қолдау маңызды. Бұл бағытта Сенат мәслихаттармен бірлесіп, заңнамалық жұмыстарды жетілдіруді жалғастырады.
Жастармен кездесуде Мәулен Әшімбаев ел дамуына жас буынның қосатын үлесі ерекше екенін атап өтті. Ол білімді, жаңашыл жастар Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтып, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға тоқталды.
Сапар барысында сенаторлар өткен жылғы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып салынған жаңа үйлерді аралады. Сондай-ақ, жаңадан ашылған «Ақжайық» оңалту орталығының жұмысымен танысты.
Өңірдегі өндіріс орындарын аралау барысында «Packaging Systems» ЖШС және «Квант» жиһаз фабрикасының қызметі таныстырылып, өндірісті кеңейту және инвестиция тарту мәселелері қаралды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев облыста бірқатар жұмыстар сәтті іске асып жатқанын ерекше атап өтті.
“Батыс Қазақстан облысы түрлі бағдарламалар сәтті іске асырылып, экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің бірі! Осы ретте облыс әкімі Төреғалиев Нариман Төреғалиұлының белсенді жұмысын атап өткен жөн. Нариман Төреғалиұлы білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, біздің әріптесіміз. Сенатор ретінде де нәтижелі еңбек етті. Қазіргі таңда әкімнің түрткі болуымен көптеген іргелі істер қолға алынғанын білеміз!” - деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат өңірлердің дамуына ықпал ететін бастамаларды қолдауды жалғастырады.