Алматы қаласындағы №126 мамандандырылған лицейінің және «Тарих мектебі» онлайн дайындық орталығының 11 сынып оқушысы Жанболат Сәрсенбай наурыз айындағы ҰБТ-да ең жоғары 140 балл жинаған санаулы түлектің бірі атанды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Көпбалалы отбасынан шыққан Жанболат – үйдің үлкені. Әкесі – көлік жүргізуші, анасы – аспаз. ҰБТ-дағы жетістігінің арқасында ол алғаш рет Алматыдан Астанаға ұшақпен ұшып келді. Оны елордада «Тарих мектебінің» ұжымы күтіп алып, арнайы сыйлықтарын табыстады.
Жанболат бұл нәтижеге үздіксіз дайындық пен сапалы білімнің арқасында жеткенін айтады. Болашақта шет тілін оқытатын педагог болуды армандайды. «Бақ шапты ма, әлде бап па?» деген сұраққа ол: «Бап болмаса, бақ қайдан болсын» деп жауап берді.
Айтуынша, ең жоғары балл жинау үшін үздіксіз еңбек ету, әр тапсырманы уақытында орындау, жігерлі әрі талапты болу аса маңызды.