Алматыда "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" (ҰҒА) Республикалық қоғамдық бірлестігінің (РҚБ) жалпы жиналысы өтіп, оның өзін-өзі тарату туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Осылайша, елде тек Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғана жұмыс істейтін болды.
Жиналыста ҰҒА РҚБ академиктерін Президент жанындағы ҰҒА-ның Жоғары ғылыми ұйымы құрамына енгізу және қоғамдық академияны тарату туралы шешім бірауыздан мақұлданды.
"Академияның мемлекеттік мәртебеге ие болуы және оның елдегі бірегей, тұрақты ғылыми орталық ретінде қалыптасуы ғылыми әлеуетті біріктіруге мүмкіндік береді", – делінген академия таратқан ақпаратта.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы 2023 жылы құрылып, мемлекеттік мәртебеге ие болды. Академиктерді сайлау ашық және әділ өтті. 2024 жылы қабылданған "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заңға сәйкес, ҰҒА Жоғары ғылыми ұйым мәртебесін алды.
Бұл академия келесі жылы 80 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Ал қоғамдық бірлестік ретінде белгілі болған Ұлттық ғылым академиясын 2003 жылдан бері Мұрат Жұрынов басқарып келген.