Оңтүстік Кореяның Сохэан автомагистралінде Қазақстан азаматтары отырған Mercedes-Benz көлігі жардан құлап, өртенді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Korea JoongAng Daily-ге сілтеп.
Оқиға Кенгидо өлкесінің Хвасон қаласында жергілікті уақыт бойынша 00:30 шамасында болған. Көлік жолдың оң жақ бетіндегі қоршауға соғылып, артынша бірнеше метр төмен құлаған. Апат салдарынан салонда болған төрт адамның барлығы көз жұмды.
Төтенше жағдай қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, 30 минут ішінде өртті сөндірген. Өрт сөндірілгеннен кейін автокөлік ішінен 4 адамның мәйіті табылған.
Қайтыс болғандардың аты-жөні әлі анықталған жоқ. Қазіргі таңда жергілікті полиция оқиғаның нақты себептерін зерттеп жатыр.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі аталған жол апатына байланысты мәлімет сұратқанын хабарлады.