Алматы қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын практикалық емтихан кезінде жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Алматыдағы мамандандырылған ХҚКО-да практикалық емтихан тапсыру кезінде жол апаты болды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ", – делінген хабарламада.
Мекеменің мәліметінше, 2024 жылы еліміз бойынша осындай 48 оқиға тіркелген. Кандидаттар емтихан кезінде жол белгілерін қағып кеткен, бордюрден асып кеткен, қоршауларға соғылған немесе басқа көліктермен қақтығысқан.
Мамандар жүргізуші куәлігін алуға үміткерлердің жол қозғалысы ережелерін мұқият үйреніп, автокөлікті басқару машығын жетілдіру қажеттігін ескертеді. Тиісті мекемелер аталған жағдайларды болдырмау үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігін де атап өтті.