Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш пен тәуелсіздіктің айқын бейнесі

404
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – егемендігіміз бен ұлттық бірегейлігіміздің басты белгілері. Олар – Ту, Елтаңба және Әнұран. Мемлекеттік рәміздер 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. Осы күн Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.

Көк түсті ту – бейбітшілік пен ашық аспанды, ал ортасындағы алтын күн – өмір мен өсіп-өркендеуді білдіреді. Қыран құс – еркіндік пен биік мақсаттардың белгісі. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков.

Елтаңбаның ортасында шаңырақ, оның айналасында уықтар бейнеленген. Бұл – бірлікті, ынтымақты білдіреді. Оның авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Ал, әнұранның қазіргі нұсқасы 2006 жылы қабылданды. Оның сөзі Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевқа, әні Шәмші Қалдаяқовқа тиесілі.

Қазіргі таңда Қазақстанда Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын 4 маусымда республикалық деңгейде іс-шаралар өткізіледі. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде, әскери бөлімдерде және кәсіпорындарда Мемлекеттік Тудың көтерілу рәсімдері өтеді. Сондай-ақ, жастар арасында патриоттық сезімді ояту мақсатында конкурстар, викториналар, флешмобтар және арнайы дәрістер ұйымдастырылады.

Мәселен, 2024 жылы рәміздер күнінде 500-ге жуық іс-шара өткен. Қала тұрғындары мен қонақтарына 500 жалау тегін таратылып, танымал әртістердің қатысуымен қонцерт ұйымдастырылған. Бірлік пен отансүйгіштікті дәріптеген жиындарға әсіресе жастар белсене қатысуда. Олар әнұран орындауға бүкіл туыстарын шақырып әкелген. Форум аясында Ту шеруі де өткізілген. Сондай-ақ, Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері көк байрақтарды желбіретін сап түзіп жүріп өтті.

Мұндай ерекше іс-шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде өткізілді. Айрықша есте қалғаны Қонаев қаласы. Онда парашютшілер еліміздің көк байрағын көкте желбіретсе, 30 байкерден тұратын мотоциклшілер шеруі жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұдан бөлек, рәміздерді құрметтеуді арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде арнайы бейнероликтер көрсетіліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Жаңа тұрғын үйлердің қасбетіне мемлекеттік Ту ілу дәстүрге айналып келеді.

Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын түсіндіру мақсатында 2024 жылы телеарналарда, радиобағдарламаларда және әлеуметтік желілерде ауқымды ақпараттық науқандар ұйымдастырылды. Бұл шаралар Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне, яғни Ту, Елтаңба және Әнұранның тарихы мен маңыздылығын, сондай-ақ олардың елдің тәуелсіздігі мен бірлігін бейнелейтін символикалық мәнін кеңінен түсіндіруге бағытталды.

Елімізде Мемлекеттік рәміздеріге ұқыпты және құрметпен қарау қарқынды түрде насихатталғанына қарамастан, оларға лайықты құрмет көрсетпейтіндер де табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытқан азаматтар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 458-бабына сәйкес:

Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Егер рәміздерді қорлау ауыр құқық бұзушылық ретінде танылса, Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, кінәлі тұлғаға ірі көлемде айыппұл салынып, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Мемлекеттік рәміздер – әрбір азаматтың мақтанышы әрі ұлттық құндылық. Оларды құрметтеу – елді, оның тарихын және болашағын құрметтеу деген сөз. Әрбір қазақстандық рәміздерге құрметпен қарап, олардың маңызын түсініп, келер ұрпаққа жеткізуге атсалысуы қажет. Тек сонда ғана біз тәуелсіздігімізді нығайтып, ұлттық рухымызды көтере аламыз.

Пікірлер