Экс-прокурор мен бұрынғы қаржы полициясы басшысы “Қорғас ісіне” қатысы бар деп күдікке ілінді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы kris_p_amaty Telegram арнасына сілтеп.
Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры, қаржы мониторингі агенттігінің экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров атышулы “Қорғас ісіне” байланысты қылмыстық істердің фигуранты ретінде тергелуде. Бұл ақпаратты еліміздің Бас прокуратурасы растады.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Қожамжаров елден шығып кеткен және қазіргі уақытта Мәскеуде жүргені хабарланды. Оның кетуі тергеудің қызған шағына дәл келіп, қоғамда үлкен пікірталас тудырды.
Арна мәліметінше, оқиға аясында бұған дейін сотталған жоғары лауазымды тұлғалардың істерін қайта қарау мәселесі қайта көтерілді. Олардың қатарында экс-министр Серік Ахметов пен “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев бар. Ермегияев өзінің қудалануына Қожамжаровтың тікелей қатысы болғанын мәлімдеген.
Заңгерлер мен құқық қорғаушылар тергеу материалдарында заңбұзушылық белгілерінің барын айтып, істерді қайта қарауды және әділетсіз айыптауларға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды талап етуде.