«Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы қызметкері, химиялық зертханалар басқармасының экс-басшысы Бахыт Әділова компания туралы ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.
Бахыт Әділованың айтуынша, оған Теміртау полициясынан хабарласып, «Қазақмыс» оның үстінен арыз түсіргенін және істің Астанаға жолданатынын хабарлаған. Ол бұл жағдайды Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің «Қазақмыс» қызметіне қатысты депутаттық сауалымен байланыстырып отыр.
Корпорация бұрынғы қызметкердің таратқан мәліметтерін «жалған» деп атап, оны әкімшілік жауапкершілікке тарту қажеттігін мәлімдеген. Алайда, Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Агенттік «Қазақмыс» корпорациясының баспасөз қызметіне нақты қандай айып тағылып отырғанын білу үшін сауал жолдаған. Компания өкілдері ресми сұранысты корпорация кеңсесіне жіберуді сұрады.
Қазіргі уақытта істің қалай өрбитіні белгісіз.