Биыл халық ақыны, әнші, композитор, өнер қайраткері Нартай Бекежановтың туғанына 135 жыл толып отыр.
Ол – қазақ өнерінде өзіндік орны бар айтыскер ақын, жырау, халықтың рухани мұрасын насихаттаушы тұлға.
Нартай Бекежанов 1890 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Жастайынан ақындық пен әншілікке жақын болған ол суырыпсалма өнерімен ел ішінде кең танылды. Оның шығармаларында халықтың тұрмыс-тіршілігі, заман шындығы, елдік мәселелер кеңінен көрініс тапты. Ақынның әндері ерекше мақамымен, әуезділігімен және терең мазмұнымен ерекшеленеді.
Ақын 1935 жылы Шиелі ауданында көркемдік жетекші болып қызмет атқарып, кейін Қызылордадағы эстрадалық-концерттік залда жұмыс істеді. 1939 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде, 1946 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі декадасында, сондай-ақ республикалық айтыстарда өнер көрсетті.
Нартай Бекежановтың шығармалары қазақ ән өнерінің алтын қорына енді. Оның «Толқын», «Нартай сазы», «Ахау, жалған» сияқты әндері халық арасында кеңінен танымал. Ақынның шығармалары бірнеше рет жинақ болып жарық көрді.
Өнер қайраткері «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы Мұхамеджан Рүстемов «Нартай» атты биографиялық еңбек жазған.
2010 жылы Қазақстанда Нартай Бекежановтың 120 жылдығы кең көлемде аталып өтті.