«Қазақфильм» киностудиясының тағдырына алаңдауға негіз жоқ – Аида Балаева

503
Adyrna.kz Telegram
фото: NUR.KZ
фото: NUR.KZ

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан «Қазақфильм» киностудиясына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, студияға тиесілі жер сатылмаған, ал киностудияны Астанаға көшіру туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Министр «Қазақфильмнің» жері киностудия иелігінде қала беретінін және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылатынын айтты.

"Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. «Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда", – деді Аида Балаева.

Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені туралы ақпарат нақты емес. Министрліктің айтуынша, ешқандай ресми ұсыныс немесе кепілдік хат түспеген.

"Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде", – деді министр.

«Қазақфильм» киностудиясын елордаға көшіру туралы қауесет негізсіз. Алайда «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға орналастыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл шешім отандық анимация индустриясын дамыту мақсатында қабылданған.

"Қазіргі уақытта елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл маңызды жайт – «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді", – деп түсіндірді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес киноиндустрияны дамытуға жыл сайын бөлінетін қаржының кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталады. Сонымен қатар, киностудия халықаралық әріптестермен бірлесіп фильмдер түсіріп, қазақстандық киноны әлемдік деңгейде танытуға күш салмақ.

"«Қазақфильм» – жай ғана киностудия емес, бұл – қазақ мәдениетінің символы. Сондықтан оны дамыту – басым бағыттың бірі", – деді министр.

Қазіргі таңда демеушілердің көмегімен киностудияда соңғы 15 жылда жүргізілмеген жөндеу жұмыстары басталды. Аида Балаева «Қазақфильмді» кәсіби менеджер басқаруы тиіс екенін және министрлік киностудияны дамытуға жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

"Министрлік бұл кәсіпорынды режиссер немесе актер емес, киностудия қызметін табысты әрі тиімді жүргізуге қабілетті кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген қағиданы берік ұстанады", – деді Балаева.

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
У мужчин челюсти отвалились, когда они увидели ее страстный танец
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео: малютка и бабуля обсуждают жизнь — умора
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Пьяные что ли? Пугачева с мужем шокировали своим развратом
Пікірлер