АҚШ Украинаға минералдар туралы келісімнің жаңа нұсқасын ұсынды

566
Adyrna.kz Telegram
Фото: president.gov.ua
Фото: president.gov.ua

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың минералдар туралы келісімнің жаңа нұсқасын ұсынғанын және оның жақын арада ратификация үшін парламентке жіберілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Бұл – АҚШ тарапының ауқымды және толыққанды келісімі. Бұрынғы негіздемелік келісімнен кейін толыққанды құжат әзірлеу кезеңіне өттік. Қазір АҚШ бізге бірден ауқымды келісім ұсынды», – деді Зеленский.

Оның айтуынша, құжаттың нақты мазмұны әлі белгісіз, бірақ атом электр станцияларына қатысты ешқандай мәселе көтерілмеген.

Сонымен қатар, Зеленский Ресей атысты тоқтату режимін бұзған жағдайда Украина Трамп әкімшілігінен нақты шаралар күтетінін атап өтті:

«Егер Ресей келісімді бұзса, біз президент Трамптан санкциялар, қысым және қару жеткізуді сұраймыз. Бізде нақты дәлелдер болады», – деді ол.

АҚШ бастамасымен Украина Ресейге және өзіне тиесілі кейбір инфрақұрылымдық нысандарға соққы жасамау туралы тізім ұсынды. Ресей тарапы бұл ұсынысты қабылдап, өз тізімін жариялады.

Шабуыл жасауға уақытша тыйым салынған нысандар қатарында мұнай өңдеу зауыттары, мұнай-газ құбырлары мен қоймалары, электр энергиясын өндіру және тарату инфрақұрылымы, атом электр станциялары және су электр станцияларының бөгеттері бар.

Ресей тарапы бұл мораторий 2025 жылдың 18 наурызынан бастап 30 күнге созылатынын хабарлады. Ал Украина әзірге бұл шешімді ресми түрде растаған жоқ.

«Ресей алдағы күндері қандай саясат ұстанатыны көп нәрсені айқындайды. Егер қайтадан әуе дабылы, Қара теңізде әскери белсенділік, ресейлік манипуляциялар болса, онда Мәскеуге қарсы жаңа шаралар қабылдауға тура келеді», – деп жазды Зеленский өзінің Telegram-арнасында.

Пікірлер