Биылғы жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы (Солтүстік-Батыс Қытай) «Қорғас» автомобиль өткізу пункті арқылы жаңа піскен жемістер мен көкөністерді экспорттау көлемі 110 мың тоннаны құрап, 46,2 пайызға өсті. Бұл туралы Қорғас кеденінің деректерінде көрсетілген деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Синьхуа агенттігіне сілтеп.
Қорғас Қытай мен Қазақстанның шекарасында орналасқан. Ол арқылы тез бұзылатын өнімдерді негізгі импорттаушылар – Қазақстан, Өзбекстан және Ресей.
Жемістер мен көкөністердің жаңа күйде сақталуы мен кедендік рәсімдерден жедел әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін Қорғас кеденінде арнайы «жасыл дәліз» ашылған.
«Қазіргі уақытта жемістер мен көкөністерді экспорттаудың қызған маусымы жүріп жатыр және біздің компания күн сайын 70-тен астам ауыр жүк көлігін жібереді. Осы жылдың басынан бері біз 60 мың тонна жемістер мен көкөністерді экспорттадық, ал сауда көлемі 1 миллиард юаньды (шамамен 139 миллион АҚШ долларын) құрады», - деді халықаралық саудамен айналысатын жергілікті компанияның өкілі.