ХХ ғасырдың ең танымал тыңшылардың бірі саналатын Олег Гордиевский Ұлыбританияда өз үйінде 87 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Қайтыс болуының себептері әзірге хабарланған жоқ.
1970-80 жылдары Гордиевский мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) бірінші бас басқармасында 15 жыл бойы Ұлыбритания мен Скандинавияны қадағалаған.
Ол Ұлыбританияға МҚК резиденті ретінде жіберілген, алайда көп ұзамай MI-6 британдық қарсы барлау қызметімен (кейін MI-5-пен де) "OVATION" лақап атымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл байланыс 11 жылға созылып, 1985 жылы Мәскеу оны күдіктеніп, Ресейге қайтарған. Бірақ сол жылы британдық арнайы қызметтер құпия операция жүргізіп, оны Ұлыбританияға қайта алып кеткен.
КСРО оны сырттай ату жазасына кессе, қазіргі Ресей оны сатқын деп жариялады. Бұрынғы әріптестері оны "қатігез адам" және "өз мүддесін бәрінен жоғары қоятын адам" деп сипаттаса, Батыста оған мүлдем басқа баға берілді.
Гордиевскийдің арқасында Батыс елдері Кеңес Одағында шын мәнінде не ойлап, қандай саясат жүргізіліп жатқанын түсінуге мүмкіндік алды. Ол қырғи-қабақ соғыстың бағытын өзгерткен адам ретінде саналады.
2007 жылы Ұлыбритания қауіпсіздігіне қосқан үлесі үшін Олег Гордиевский елдің ең жоғары марапаттарының бірі Әулие Михаил мен Георгий орденімен марапатталды.
Гордиевскийдің айтуынша, оны КСРО-ға қарсы шығуға итермелеген басты оқиға – 1968 жылғы Чехословакияға басып кіру болған.
"Бұл Кеңес Одағы мен басқа коммунистік елдердің Чехословакияға ашық түрде басып кіруі болды. Бұл мен үшін шектен шыққан оқиға еді. Сол кезде мен шешім қабылдадым – осы қылмыстық, сұмдық жүйеге қызмет етуді доғарамын", – деп еске алған еді ол 2008 жылы.
Олег Гордиевский өлтірілген жоқ. Оның өліміне қатысты тергеуге терроризмге қарсы күрес бөлімі қызметкерлері көмектесіп жатқанына қарамастан, қасақана өлтіру белгілері жоқ.
Алайда Гордиевский қазіргі Ресей бұрынғы құпияларын ашқандарды кешірмейтінін жақсы түсінетін.