Қазақтың жазба поэзиясында ұлттық музыка өнеріне алғаш болып жаңаша форма әкеліп, тыңнан түрен түргендер дегенде, алдымен ойымызға Абай оралады. Одан кейін аузымызға Сәкен мен Мағжанды аламыз. Дауылпаз ақын Қасым есімі де жоғарыда атап өткен игі дәстүрді жаңа биікке көтеруші, жалғастырушы ретінде осы санаттан табылады. «Өзім туралы», «Дариға сол қыз», «Туған жердей» құнары мол әндері сөзімізге дәлел. Осы орайда «Қасымның әндері-ай!» деген үлкен жобаны қолға алып, Қасым мұрасын қайта тірілтіп жүрген дәстүрлі әнші Гүлбаршын Тергеубековамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы», «Дариға сол қыз» сынды бірді-екілі әнін білмесе, жалпы бір кешке арқау боларлық музыкалық мұрасы бар екенін көпшілік қауым біле бермейтін. Бірақ, сіздің бастамаңызбен көктемде өткен «Қасымның әндері-ай!» атты концерт, шыны керек, тыңдарман үшін жаңалық болды…
Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Оныңыз рас. Қасым атамыздың әндерінің халық құлағына жеткенінен жетпегені көбірек. Ол ақын сазының көпшілік көңілінен шықпағаны емес, насихатталуының, құнтталуының жоқтығында. Мәселен, белгілі композитор Әбілахат Еспаев екеуінің шығармашылық тандемінен туған «Ақ сәулем» дейтін керемет әні әншілердің репертуарынан әлі күнге дейін түспей келеді. Бірақ, соған қарамастан, тыңдарман тұрмақ, орындаушылардың кейбірі сөзін Қасым Аманжоловтың жазғандығынан бейхабар екендігін естіп, көңілім құлазыды. Ән авторы ретінде сазгер есімі аталады да, ақын аты сырт қалып қояды. Қасым атамыздың ел аузында айтылмай келе жатқан мұндай әндері өте көп. Осының барлығын жинастырып, халық назарына ұсынып, Қасым Аманжолов есімін қайта жаңғыртқымыз келді. Жалпы ақынның рухы өршіл, мінезі өткір келгенімен, әндеріндегі иірім нәзік лиризм мен терең толғанысқа құрылған. Қасым әндері кейде маған ақынның жүрек түкпіріне тұнған жан дертін, қайғы-қасіреті мен арыз-арманын ғаламат бір отты, қуатты, бірақ соншалықты сыршыл да нәзік сезіммен ән ноталарына әкеліп жанартаудай жарып жібергендей көрінеді. Кейде өлең өзегіне сыймаған кеудесіндегі теңіз-толқынысты, «дауыл сырды» поэзия құдіреті жетпегендіктен де, ән арқылы жеткізді ме екен деп ойлаймын. Қасым әндерін естігенде өз басым осындай бір ғажайып сезім толқынысына түсемін.
- Жалпы басқа-басқа, Қасымның жыр емес, ән кешін ұйымдастыру идеясы қалай туды? Таудай дүниенің соңын қылдай қылып аламын деген қорқыныш сізде болмады ма?
Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Әлбетте, үлкен жауапкершілікті мойныма алып отырғанымды әу бастан-ақ сезіндім. Өйткені, Қасым Аманжоловты танымайтын, оның өлеңдерін білмейтін қазақ жоқ. Концертке келген қонақтың көпшілігінің бұл бастамама сынай қарайтынын да қаперімде ұстадым. Сондықтан қалайда болсын кешті халықтың есінен кетпестей етіп өткізуге бар күш-жігерімді салдым. Жалпы концерт ұйымдастыру идеясы бір-ақ сәтте туа салған жоқ. Қасым атамыздың кешін өткізуді бұрыннан ойлап жүргенмін. Ақынның есімі мерейтойларында ғана аталып өтіледі де, одан кейін келесі атаулы күнге дейін арадағы он жылдың өтуін күтіп, қараңғыда қалып қояды, насихатталмайды. Бұл бір түрткі болса, екінші Қасымның әндері құлағыма бала күнімнен сіңіп өсті. Ең алғаш бірінші сынып оқып жүргенімде әліппемен қоштасу кешінде ақынның «Өзім туралы» әнін домбыраның сүйемелдеуінде орындадым. Сонда бар болғаны жеті-ақ жастамын. Міне, дауылпаз ақынға деген менің алғашқы құрметім осылай басталған. Жалпы бұл жобаны Қасым әндеріне арналған республикалық деңгейдегі алғашқы кеш деп сенімді түрде айта аламыз. Болашақта Шәмші, Мұқағалиға арналған концерттер секілді, жылына, не болмаса екі жылда бір Қасым атаның шығармашылық ән кешін өткізіп тұрсақ деген үлкен мақсатымыз да бар.
- Әдетте, шығармашылық адамының ұйымдастырушылыққа келгенде қыры болмайды деп жатады. Бұл жағы Сізде қалай болды?
Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Қиындық болмады деп айтпаймын, әрине, болды. Алғашында қолдаушылар табылмай, әкімшілік тарапынан да қамқорлық сезіле қоймады. Соның салдарынын ойға алған көп дүнием іске аспай қалды. Алайда достарым, жанашыр жақындарымның қолдап, демеуінің арқасында барлығын да жеңдік. Залда ине шаншар орын болмады. Концерттен кейін де халық риза болып, алғыстарын білдіріп жатты. Соған қарағанда, алғашқы қадамымыз жаман болмаған сияқты. Алла қаласа, енді бұл кештің заңды жалғасын қараша айының 28-і күні Қасымның өзінің елі, туған топырағы Қарағанды қаласында өткізсек пе деп ойға алып отырмыз.
- Байқаймыз, қазір қоғамда халыққа ортақ ұлдарды тек жерлестері іздеп, насихаттайтын бір жаман үрдіс дендеп тұр. Шыныңызды айтыңызшы, бұл жобаны қолға алуыңызға Қасым Аманжоловпен жерлестігіңіз басты себеп болған жоқ па?
Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Белгілі бір дәрежеде себеп те болған шығар. Бірақ, ол себеп тікелей жерлестікке емес, жоғарыда атап өткенімдей, балауса шағымда өнерге жолымды ашқан ақын шығармашылығына деген шексіз құрметпен астасады. Жалғыз Қасым емес, бізде еленіп, ескерілмей жатқан тұлғалар жетерлік. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, кейінгілерден Бәкір Тәжібаев, Сейдолла Бәйтерековтей дарындар неге тұрады? Бір ғана Сәкен мен Ахмет сынды арыстарымызды алып қарайық. Сонау қуғын-сүргін жылдарының құрбаны болып, бүгінде есімдері ақталды. Бірақ сол асылдарымызды лайықты деңгейде еске алып, қадіріне жете алып жатсақ, қанеки?! Сұлу сөзбен сурет салған сыршыл Сәкеннің қаншама әнін шаң басып жатыр мұрағаттарда. Соның барлығын аршып алып, халқымен қайта қауыштырсам, әнсүйер қауымның жүрегіне жеткізсем деген үлкен мақсаттарым бар. Ол енді, әрине, болашақтың еншісінде.
Назерке ЖҰМАБАЙ.