Түркияның Baykar компаниясы әзірлеген Bayraktar KIZILELMA ұшқышсыз әскери ұшағы әуеде жылдамдық пен бағытты өзгерту сынағынан сәтті өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Anadolu Ajansı-ге сілтеме жасап.
Baykar компаниясының мәлімдеуінше, Bayraktar KIZILELMA-ны сынақтан өткізу процесі жоспарланған кестеге сәйкес жалғасуда.
Компанияның хабарлауынша, PT3 – сериялық прототипі (борттық нөмірі TC-OZB3) 21 наурыз күні Түркияның солтүстік-батысындағы Текирдаг провинциясының Чорлу ауданында орналасқан AKINCI оқу-сынақ орталығынан әуеге көтеріліп, жүйені сәйкестендіру шараларын және күрделі маневрлерді сәтті орындған.
Сериялық прототипке алғашқы нұсқаларды әзірлеу кезінде алынған тәжірибелер негізінде айтарлықтай өзгерістер енгізілген. Ұшу баламалы форсаждық қозғалтқышты пайдалану арқылы жүзеге асырылып, оның интеграциясы сәтті аяқталды. Жаңа қуатты қозғалтқыштың арқасында Bayraktar KIZILELMA дыбыс жылдамдығына жақындайды және жетілдірілген аэродинамикасы арқылы жоғары жылдамдықта маневр жасау қабілетін арттырған.
Сонымен қатар, AESA радиолокаторы арқылы жоғары деңгейдегі жағдайды бақылау мүмкіндігіне ие болып, ең күрделі тапсырмаларды орындауға қауқары жетеді.
Bayraktar KIZILELMA жобасы 2021 жылдан бері әзірленіп келеді. Борттық нөмірі TC-ÖZB аппараты 2022 жылғы 14 қарашада өндірістен шығарылып, тура бір айдан кейін алғаш рет әуеге көтерілді. Осылайша, Bayraktar KIZILELMA рекордтық қысқа мерзімде ұшырылды.
2023 жылы Стамбұлда өткен әлемдегі ең ірі авиация, ғарыш және технология фестивалі (TEKNOFEST) барысында Bayraktar KIZILELMA өзінің ерекше ұшу мүмкіндіктерін көрсетіп, әлемдік авиация тарихына енді.
Әлемдегі ең ірі ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіруші Baykar компаниясы қазіргі уақытта Bayraktar TB2 SİHA-ны 34 елге, ал Bayraktar AKINCI TİHA-ны 11 елге экспорттау туралы келісімдерді жүзеге асырып жатыр.