Маңғыстауда құны 1,35 млрд долларды құрайтын аммиак пен карбамид өндіретін зауыт құрылысы басталады Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл туралы бүгін, 21 наурызда Үкіметтің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Жобаны QazaqGaz және ESTA бірлескен кәсіпорны — «Qazesta Fertilizers LTD» компаниясыбазасында іске асыру жоспарланып отыр. Үкіметтің мәліметінше, зауыттың орны ретінде Маңғыстау облысы таңдалды. Бұл өнімдерді Каспий теңізі арқылы экспорттауға оңтайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Esta Construction түрік компаниясы әлемдегі ең үздік 100 құрылыс компаниясының қатарына кіреді.
«Жобаның құны – 1,35 млрд доллар. Құрылысты үш жарым жылда аяқтау жоспарланып отыр. Іске асыру кезеңінде 3 мыңға дейін адам тартылып, құрылыс аяқталғаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 700 мың тоннаға дейін карбамидті және 42 мың тонна аммиакты құрайды»,—делінген хабарламада.
Жоба газ химиясы саласын дамытуға, сондай-ақ импортты алмастыруға және қосылған құны жоғары өнімдерді дайындауға бағытталған.
Еске салайық, 4 наурызда үкімет басшысы Олжас Бектенов ESTA Construction компаниясының бас директоры Мұстафа Топракпен кездесіп, елімізде 675 млрд теңгенің химия зауытын салу мәселесін талқылаған еді.