«Қазақмыс» корпорациясы өз кен орындарында қауіпті аймақтардың анықталуына байланысты өндірісті кезең-кезеңімен тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Компанияның хабарлауынша, өндірістік нысандарда жазатайым оқиғалардың жиілеп кетуі қауіпсіздік шараларын қайта қарауды талап етіп отыр. Осыған байланысты барлық жоғары қауіп деңгейі бар технологиялық үдерістер уақытша тоқтатылып, барлық жұмыс түрлеріне қауіпсіздік ережелерінің сақталуына жан-жақты тексеру жүргізіледі. Тек барлық бұзушылықтар жойылғаннан кейін ғана өндіріс қайта жанданады.
Компания жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, инженерлік-техникалық қызметкерлерді қайта аттестациядан өткізуді, жерасты нысандарын қадағалауды және құтқару жабдықтарының дайындығын тексеруді қолға алады. Сонымен қатар, қызметкерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік техникасы мен төтенше жағдайлардағы әрекет ету алгоритмдерін білу деңгейі бағаланатын болады.
Келесі өндіріс орындары уақытша жабылды:
20 наурыз – Шығыс-Жезқазған, Абыз, Саяқ, Қоңырат рудниктері; Нұрқазған, Қарағайлы, Балқаш байыту фабрикалары және жөндеу-механикалық басқармасы.
21 наурыз – Оңтүстік-Жезқазған, Ақбастау, Хаджиқонған, Шатыркөл, Жайсан рудниктері.
22 наурыз – Батыс-Жезқазған руднигі.
23 наурыз – Жыланды руднигі.
24 наурыз – Жезқазған байыту фабрикасы.
Ал Жомарт кен орнында тексеру жалғасуда.
19 наурызда корпорация Ұлытау облысындағы Шығыс-Жезқазған кенішінде тағы бір қайғылы оқиға орын алғанын мәлімдеді. №57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылы туған жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Өкінішке қарай, ол алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Бұған дейін, 17 ақпанда Улытау облысында «Қазақмыс» руднигінде апат болып, жеті жұмысшы қаза тапқан еді. 18 ақпанда олардың денелері табылып, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. 5 наурызда тергеу тобы апаттың негізгі себебі метан газының жиналуы мен электр жабдықтарының тұтануы екенін хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 20 ақпанда өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесін сынға алып, Премьер-министр Олжас Бектеновке тиісті шаралар қабылдауды тапсырған еді.