Қазақстанның білім беру саласындағы маңызды басылымдардың бірі – «Қазақстан мұғалімі» газетіне биыл 90 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Басылым алғаш рет 1935 жылы «Төте оқу» деген атаумен жарық көріп, мектеп мұғалімдеріне, өздігінен сауат ашушыларға әдістемелік көмек көрсетуді мақсат етті.
1939 жылы газет атауы «Сауатты болуға көмекші» болып өзгертілсе, 1940 жылы Қазақстанда латын әліпбиінен орыс графикасына көшуге байланысты «Жаңа жазу» деген жаңа атаумен қайта шықты. 1952 жылы басылым қазіргі «Қазақстан мұғалімі» атауын алды. Осы кезеңнен бастап газет аптасына бір рет шығып, мұғалімдер мен оқушыларға арналған түрлі материалдар жариялай бастады.
1956 жылдан бастап басылымда «Партия», «Мектеп», «Ғылым және әдебиет» сияқты бөлімдер пайда болды. Сондай-ақ, «Учитель Казахстана» атты орыс тіліндегі нұсқасы қатар жарық көрді. Газетте тек білім беру мәселелері ғана емес, мұғалімдер мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы, сөйлеу мәдениеті, әдеп нормалары жөніндегі мақалалар да жарияланып отырды..