Тараздағы тарихи мұраның қабырғасы құлап, тұрғындарды алаңдатуда

362
Adyrna.kz Telegram
Фото: Zakon.kz
Фото: Zakon.kz

Тараз қаласында XI ғасырдан бері сақталып келе жатқан тарихи "Төрткүл" керуен сарайының бір қабырғасы опырылып түсті. Ел аумағындағы ашық аспан астындағы жалғыз музей-қамал саналатын нысанның қазіргі жағдайы мүшкіл. Қалған бөлігі де қаусап тұрғандықтан, маңайдағы тұрғындар оның баспаналарына құлауынан қауіптенуде, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Керуен сарай кезінде Ұлы Жібек жолының маңызды сауда нүктелерінің бірі болған. Алайда бүгінде тарихи ескерткіштің бес метрлік қабырғалары құлап, айналасына топырақ төгіліп жатыр. Көпшілік көне нысанның күтімсіз қалғанына наразы.

"Қазіргі жағдайда елге қауіпті болып тұр. Бұл құлағаны бірінші рет емес, алдында да опырылған. Су ағарларын да қате орнатқан. Мұнда халық үнемі жүреді, тротуар өте тар, ал оның жанында көлік жолы бар. Егер тағы бір бөлігі құласа, адамдар қайда қашады?" – дейді жергілікті тұрғындар.

Тарихи ескерткіштің құлауына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Жергілікті билік бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Тұрғындар жауапты органдардан көне қамалды сақтап қалу үшін шұғыл шара қабылдауды талап етуде.

Пікірлер